Бортында 2300-ге жуық адам бар Westerdam круиз лайнеріне Камбоджа портына кіруге рұқсат берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Камбоджа билігі 1 455 жолаушысы мен 802 экипаж мүшесі бар круиз лайнеріне Камбоджа портына кіруге рұқсат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеме операторы Holland America Line компаниясының ақпаратына қарағанда, жолаушылар кемеден жағалауға шыға алады.

«Қазіргі уақытта Westerdam Камбоджаның Сиануквиль қалашығына бет алды. Сол жерде саяхат аяқталады. Біз жергілікті уақыт бойынша бейсенбі, 13 ақпан сағат 07-00-де жетеміз және жолаушыларды түсіру үшін бірнеше күн портта боламыз. Қонақтарға жағалауға шығуға рұқсат беріледі. Барлық рұқсат алынды және Камбоджа билігіне қолдау білдіргені үшін алғысымыз шексіз», - делінген компанияның Facebook парақшасында бүгін жариялаған хабарламасында.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, алдағы бірнеше күннің ішінде жолаушылар чартерлік рейстермен ел астанасы Пномпень қаласына, одан ары үйлеріне жететін болады. Holland America Line компаниясы ұшуларды ұйымдастыруға кеткен барлық шығындарды өз мойнына алып, саяхаттауға жұмсалған шығыстарды да толықтай өтейтін болады.

«Борттағы қонақтардың барлығының дені сау. Ақпарат қате кеткен, бортта коронавируспен ауру дерегі тіркелген жоқ және еш уақытта болған да емес», - деді компаниядан.


Соңғы жаңалықтар