«Бөрте» Италияға барады: Театр Түркістанның туристік мақтанышы бола алды ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың Қаллеки театрында Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте» спектаклін көрермендерге ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлы билеуші Шыңғысханның жары Бөрте туралы пьесаны драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков жазған.

Онда Шыңғысхан мен Бөртенің бала кезінде танысуы, шаңырақ көтеруі және сол кездегі ұлы тарихи оқиғалар сипатталған. Сондай-ақ, данагөй Бөртенің Ұлы қағанның өмірінде атқарған шешуші рөлін көрсетеді.

Ал қоюшы режиссер ретінде Италиядағы Генуя ұлттық театрының директоры, белгілі режиссер, актер әрі композитор Давиде Ливерморе, екінші режиссер ретінде Америкада, Германияда өз қолтаңбасын қалыптастырған италиялық Карло Шаккалуга шақырылған.

Ал спектакль муызкасын композитор Хамит Шанғалиев арнайы жазған.

Дулат Исабеков ғашық болған «Бөрте»

«Бөрте» – белгілі драматург Дулат Исабековтың 79 жасында жазып шыққан су жаңа спектаклі. Бұл керемет дүние, қазір классиктер аз қалды. Жазушының жақсы тың дүниені бізге сыйлағанына, оны сахналау мүмкіндігін алғанымызға бақыттымыз. Қазақстанда өте талантты актерлер бар және тың шығармалар бар. Оларды әлемдік деңгейге шығаратын кез жетті деген арманымыз болды. «Бөртеге» шақырылған италиялық режиссерлер Ла-Скала мен әлемнің басқа да озық елдерінде қойылымдар қойған. Неге олармен жұмыс істей алмаймыз деген ой келді. Театрға алғаш келгенде қалай болар екен, көрермен жинай аламыз ба деген қорқыныш болды. Өйткені өз балаларымды кезінде көрермен жетіспей, мектептен театрға алып кететін. Ал қазір керісінше, билет жетпей жатыр. Барлық қойылым аншлагпен өтуде», - деді Түркістан музыкалық драма театры әдеби бөлімінің меңгерушісі Шынар Омарова.

Сондай-ақ, театр директоры және көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова Шыңғысхан туралы жазылған деректер көп, ал Бөрте туралы ақпарат аз екенін айтты.

«Барлық өнердің де, өмірдің де діңгегі бесікте. Ал оның иесі біздің аналарымыз. Бөрте – ұлы қағанның жары, данышпан әйел, төрт ханның анасы. Әсіресе қазір шетелдерде әйелдер мен феминизм тақырыбына баса мән беріледі, дегенмен де біз аналарымызды ардақтаған рухты елдің ұл-қызымыз. Сондықтан бұл тақырыптар әлі қаузалады. Шыңғысхан туралы жазылған деректер өте көп, ал Бөрте туралы деректер жоқтың қасы. Соған қарамастан Дулат Исабеков ағамыз сиясы кеппеген пьесасын келісімшартпен екі жылға берді. Жазушы өз сұхбатында да айтады: «Бөртені жазып отырып, оған ғашық болдым. Жазып болғасын бір апта өз-өзіме келе алмай жүрдім, бойынан жыны кеткен бақсыдай аласұрдым» дейді. Давиде Ливерморені таңдағанда да оның Шыңғысханды жақсы білетіні маңызды болды», - дейді Айнұр Көпбасарова.

Мамандар неге Италиядан шақырылды?

«Әрине, біздің шетелдік режиссерлер шақырғанымыз қазақстандық режиссерлер олардан төмен деген сөз емес. Дегенмен ұлтаралық қарым-қатынас орнату керек, өзге елдермен тәжірибе алмасу керек. Түркістанның тарихы тереңде болғанымен бұғанасы бекімеген жас қала. Сол қаланы тек республикаға емес, әлемге таныту үшін шетелдік мамандарды шақырдық», - деді Айнұр Көпбасарова.

Оның айтуынша, бірнеше шетелдік режиссерлермен байланыс жасалған және бағалары сараланған.

«Ойы жағынан, менталитеті жағынан таңдау Давиде Ливермореге түсті. Оның өзі актер, суретші, дизайнер, режиссер, Генуя қаласының ұлттық театрының директоры. Оның Шыңғысханды білгені де маңызды болды, сол заманның кітаптарын ағылшын тілінде бізге жіберіп, пьеса авторы Дулат Исабековпен кездесіп, келіссөз жүргізіп, декорацияны қолға алды. Біздің қойған басты талабымыз – қазақтың кең даласын қалай көрсете аламыз, қалай жақындата аламыз болды. Қазір заман өзгерді, уақыт өзгерді. Театр түгілі теледидардан әлеуметтік желі мен интернет озып кетіп жатыр. Сондықтан біз халық көзбен көріп, жүрекпен қабылдайтындай дүние жасауды ұсындық. Әрине бір күндік жұмыс емес, бірнеше айдың жұмысы», - дейді театр басшысы.

Спектакльде 215 костюм тігілген. Басты рөлде 19 актер, балет труппасы массалық эпизодтарды ойнайды. Одан бөлек, реквизиттер мен мультимедиалық технологиямен құрастырылған түрлі жаңашылдықтар бар.

«Бөртеге» бөлінген қаражат аз ба, көп пе?

Сондай-ақ, Айнұр Көпбасарова «Бөрте» қойылымына бөлінген қаражат жөнінде сыни пікірлерге жауап берді.

«Дәл қазіргі уақытта қойылымға сын кәсіби тұрғыда емес, жұмсалған қаражатына айтылып жатыр. Өнер барлық уақытта үлкен еңбек пен қаржыны талап етеді. Шетелде «донейшн» деген сөз бар. Яғни, халықтың өзі өнерге арнайы көмек береді. Өнердің ең көп көмек қажет ететін саласы – театр мен кітапханалар. Егер біздің ұрпағымыз кітап оқымаса, театрдан рухани байымаса, не үшін театрлар мен кітапханалар саламыз? Өнерге көмек беру керек», - деді ол.

Театр басшысы елімізде интеллектуалды еңбек өте төмен бағаланатынын айтты.

«Тиынның да, теңгенің де сұрауы бар. Мұны тексеріп отыратын құзырлы органдар бар. Мұның барлығы ойын емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Креативті индустрия» деген бағдарламасы аясында жасалып жатыр. Яғни, кретивті индустрия дегеніміз – жиналып алып концерт қою немесе форумдар өткізу емес, әлемге шығатын қомақты дүниелер жасау деп ойлаймын. Осындай үлкен дүниелер қойылған кезде оны сынау үшін де, жазу үшін де бірінші келіп көру керек. Сыншылар да бірінші қойылымды көреді, сосын ғана сын-пікірін жазады.

Біздің театрдың оң жағында Қожа Ахмет Ясауи жатыр, сол жағымызда Арыстан баб жатыр. Біз бұл жерге пайда табу үшін келген жоқпыз. Біз жылы орнымызды, жұмысымызды тастап, бер жағы Қырғызстан, ар жағы Жапония, Австрия, Ресейден, елорда мен Алматыдан мамандарды шақырып, бір жерге шоғырландыру бізге қиын болды. Сол қиындықтарға қарамастан, жаңадан дамып жатқан қалада өнер ордасында бас қостық», - дейді А. Көпбасарова.

Театр билеті кинодан қымбат болуы керек

Айнұр Көпбасарова театр билеттерінің бағасы неге қымбат деген сұрақтарға да жауап берді.

«Қазақстанда талантты актерлер неге асабалыққа, тойға кетіп қалады? Оның бәрі билет құнынан басталады деп ойлаймын. Өйткені өнерге қаражат жұмсалуы керек және ол қаражаттың қайтымы болуы керек. Үлкен премьераларда біздің билеттер 2 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін, ал жай күндері 2-8 мың теңге аралығында сатылады. «Бөрте» спектакліне көрермендер түрлі қаладан, тіпті сартерлік рейспен ұшып келіп жатыр. Түркістан театрында 5 қойылым өткіздік, бәрінде аншлаг болып, билеттер сатылып кетті. Кезінде ата-аналарымыз өз жастық шағын айтып отыратын, театр билетінің құны кино билетінен қымбат дейтін. Қазір де біз шетелдік голилвудтық фильмдерден ақшамызды аямаймыз, ал өз майталмандарымыздың еңбегіне мың жарым теңгемізді қимаймыз. Сондықтан театр билеті әрдайым жоғары болуы керек», - деді А. Көпбасарова.

Спикер Мәскеудегі «Фариза» қойылымында билет құны 120 мың теңгеге дейін сатылғанын еске алды.

«Мәскеуде танымал «Современник» театры әдетте өз сахнасын ешкімге бермейтін, сол сахнада алдыңғы жылдары Тәуелсіз Қазақстаннан алғаш рет «Фариза» қойылымын көрсеткен едік. Сол кезде «Фариза» спектакліне билеттер 20 мың рубль болды. Ол біздің теңгеге шаққанда 100-120 мың теңге. Сондықтан, театр – биік мәдениет ошағы, рухани байлықтың отаны. Тегінде осындай қасиеті болмаса сахнаны киелі деп айтпас еді», - деді А. Көпбасарова.

«Бөрте» Италияға барады

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Түркістан музыкалық драма театры Дулат Исабековтың «Бөрте», Роза Мұқанова жазған «Фариза» және Талаптан Ахметжанның «Махаббат мұнарасы» спектакльдерін көрермен назарына ұсынады.

«Келесі жылға әлемдік масштабта үш жаңа жобаны жоспарлап отырмыз. Ол келесі жылдың еншісінде болсын. Ал 2022 жылдың 22-23 маусымында италиялықтардың шақыруымен «Бөрте» қойылымы Италияның бірнеше қаласына гастрольге аттанады. Коронавирусқа байланысты шектеулер болмаса, италиялықтарға қазақ өнерін көрсетеміз», - деді Айнұр Көпбасарова.


Соңғы жаңалықтар