Борша төбе - баһадүр бабалар қорымы

None
None
АЛАКӨЛ. ҚазАқпарат - Өткенін бағаламаған елдің болашағы баянды, тарихын танымаған ұлттың келешегі кемел болмайды. Сондықтан Елбасы ұлан-ғайыр даламыздың түкпір-түкпіріндегі киелі жерлердің картасын жасап, түбегелейі аралап, зерттеуді тапсырған еді. 

Қазақ арасында «Жер жәннаты» деген атақ алған, жерұйық мекен Жетісу атырабында да бұндай орындар жетерлік. Солардың бірі ретінде асау толқыны тулаған, асқар таулары аспан сүйген айдынды Алакөл ауданының аумағында орналасқан «Борша төбені» атауға болады.

Борша төбе туралы жұрт айтатын аңызға бергісіз әңгімелер бар. Сол аңыз-әңгіменің өзі, бұл киелі мекеннің қазақ тарихында алатын орны ерек екенін көрсетеді. Өйткені, баһадүр бабаларымыздың қайсарлығы, батылдығы мен батырлығы осынау тоң топыраққа тоғытылған жер. Бұл жер - өздерінен отыз есе көп қалмақ қолына жалғыз ат, жалаң қылышпен қарсы шапқан қазақ қаһармандарының ажалмен арпалысқан төбесі саналады. Ендеше сол Борша төбенің шежіресі саналатын аңызға назар бөлсек.

Абыздардан жеткен әңгімелерге сәйкес, осыдан екі жарым ғасыр бұрын өмір сүрген Қаракерей Қақал әулие бастаған жұрт Жоңғар Алатауын бөктерлей мал қамын күйттеп, көктеуде жатады. Қамсыз жатқан қазақ ауылына бір күні тұтқиылдан шабуылдаған қалмақ қонтайшысы қапысыз отырған халықтың төрт түлігін түгел айдап, қыз-келіншегін байлап әкетеді. Намысымен нар сүйреген баһадүр бабамыз осы мезетте қару көтере алатын үш жүз жігітті жинап қалмақтың соңынан аттанған екен.

Малы мен жанын жаудан қайтарып, кек алуға келген үш жүз қазақты қалың қалмақ менсінбей қарсы алады. Ескі дала заңы бойынша алғашқы екі күн қазақ-қалмақ батырларының жекпе-жегімен өтеді. Бірнеше қайталап айқасқа шықса да аттан құламаған қазақтар қалың қалмақ қолының дегбірін қашырады. Осал қарсылас жолықпағанын сезген қонтайшы құйтырқы әрекетке барған екен. Сардарларымен ақылдаса келіп, күшпен алмасын түсінген ол айламен жеңуді ойлайды. Сөйтіп соғыстың үшінші күні садақ оғын қарша боратып, оғландарымызды қоғадай жапырған қалмақтардың айласы асады. Мыңдаған адырнадан атылған көбе бұзар жебелер үш жүз жігіттің сауытын сөгіп, кеудесінен өтсе де жер құшуға асықпаған батырлар ақтық демдерін іштеріне тартып, соңғы шайқастарында көрсеткен ерліктері аңызға бергісіз оқиға.

«Ер сүрінсе еңкеймес жығылар тік» демекші тізелері бүгілмеген, бастары иілмеген қазақтардың мәйітінен де сескенген қонтайшы олардың денелерін бөлшектеп, төртке боршалап, жан-жаққа сүйреп апаруды бұйырады. Содан ол жер «Борша төбе» деп аталып кеткен көрінеді.
Осы қырғыннан «Ақбоздара» атының арқасында аман қалған Қақал әулие түнімен жау ордасын аралап, онсыз да құты кеткен қалмақтарды шетінен бауыздап, жеңіске масаттанған елді дүрліктіреді. Бастан аяқ қанға боялған батырды көргендер оны аруақ, пері деп ойлап, асып-сасады. Тіпті кейбір жүзбасылар, мыңбасылар жеке-дара қашып кетуге де тырысып, қалың қолдың тәртібі ыдырай бастайды. Бұны естіген қонтайшы бүкіл далаға от жақтыртып, алау тұтатып аластауды тапсырады. Сол сәтте адал арғымағына мінген Қақал әулие төбе ұшынан қарап тұрған деседі. Содан бері ел басына зауал төнсе «Борша төбеден Ақбоздара кісінейді» деген сенім қалған.

Айта кетерлігі, 1909 жылға дейін қазіргі Қабанбай ауылы да «Борша» деп аталған. Ауылға кіреберісте орналасқан төбенің тарихы осындай. Елінің азаттығы, жерінің бостандығы, ұрпағының ертеңі мен болашағы үшін қайтпас сапарға аттанған бабаларымыздың ерлігі ұрпаққа өнеге екендігі шындық.

Әлбетте туған жердің әрбір сайы мен саласы, тауы мен төбешігі тарихтан сыр шертеді. Төбе атауының төркіні де тарихқа келіп тірелетінін «Борша төбе» туралы аңыздан біліп отырмыз. Дегенмен, ондай төбелердің әрқайсысын зерттеп, зерделей түссе төл тарихымызға қаныға түсетініміз анық еді.

Алмат Есенбеков,
Алакөл ауданы.



Фото: kazgazeta.kz

Соңғы жаңалықтар