Боранда жүргізушілерге көмек көрсеткен полицейлердің жұмысы оқушыларды қызықтырды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Ақ түтек боранда қызмет атқарып, тұрғындарға көмек қолын созған тәртіп сақшылары мектеп оқушыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар айының 23-24 күндері болған ақ түтек боран Қарағанды облысы тұрғындарын біраз әбігерге салып, автожолдарда жол жүру қиындаса, кейбір шағын аудандарда тіптен көлік кептелісі болғаны белгілі. Осы мезетте Қарағанды гарнизонының тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс кестесіне көшіп, республикалық маңызы бар автожолдармен қала ішінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Тәртіп сақшыларының қолына күрек ұстап, көлік иелеріне көмек қолын созғаны, жол жүруді реттеуі және тағы да басқа жұмыстары әлеуметтік желілерде желдей есіп, тұрғындар тарапынан жағымды пікірлер де жазылғаны жасырын емес.

Міне, осыны көрген Қарағанды қаласының №93 мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушылары 24 қаңтар күні тәртіп сақышыларының жұмысын көру және олармен етене жақын танысу мақсатында Қарағанды қалалық Полиция басқармасында болды.

«Полиция қызметкерлерінің жұмысы ауыр. Олар қандай мезгіл болса да жұмыста болады. Бүгін біз ұстаздарымызбен полицияның жұмысымен танысу мақсатында осы жерге келдік. Бізге камералармен қалай жұмыс істейді, тәртіп сақшыларының дайындық жұмыстарын қалай жүргізеді соның барлығын көрсетті. Сондай-ақ, боранда жұмыс жасаған ағалармен таныстық. Маған осы кісілердің жұмысы қатты ұнады»,-деді №93 мектеп-гимназиясының 3ә сынып оқушысы Айым Әбішева.


Қалалық полиция басқармасына келген оқушыларға бейнебақылау камераларының жұмысы түсіндіріліп,жедел қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері оларды қарулардың түрлерімен таныстырды. Сонымен қатар оқушылар патрулдік полиция полкінің тир залында атыс -жаттығу сабақтарының өту барысын өз көздерімен көріп, полицияның арнайы көліктерімен техникалық құралдарының жұмысына куә болды.

«Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу және олардың арасында Отанына деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Баланы жастан демекші, мектеп кезінен бастап, құқық қорғау саласының қыр-сырын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, қызметіміздің қаншалықты қауіп-қатерге толы екенін көрсетіп, ерлік жасаған әріптестеріміздің есімі мен ерліктерін мектеп оқушыларына көрсетіп отырсақ, біздің қызметке деген саналары өзгерер деген ойдамын»,-деді Қарағанды қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Думан Қожахметов.


Соңғы жаңалықтар