Боранда Байбура асуына барма: Сүйегі күре жолдың астында қалған Байбура би кім болған

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменнен Ақсуат, Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті аудандарына қарай жолға шыққан көлік жүргізушілері қыс түскенде Байбура асуынан өте алмай әлекке түсіп жатады. Тіпті боранда қалғандар аман шыққандарына шүкіршілік ететіндігі рас. Бірақ жұрттың көбі асу аты берілген Байбура бидің кім болғанынан бейхабар. Осыны білу үшін ҚазАқпарат тілшісі бидің ұрпағы Мұратхан Кенжеханұлымен әңгімелесіп көрген едік.

Абақ керейден тараған

Байбура асуы республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» тасжолында Жарма мен Көкпекті аудандарының шекарасында орналасқан. Қыс түскенде жолға қамданған жандардың сұрайтыны біреу: «Байбура асуы ашық па екен?». Себебі жыл сайын бұл асуда жолда қалып жататындар аз емес.

«Басқа жерлерде жел соқпағанымен Байбура асуында бір үзілмейді. Ал боран болса тіптен қиын. Мүлде жол көрінбей кетеді. Кеңес Одағы кезінде жүргізушілер асудан өте алмай бірнеше күн көлікте түнеп жататын. Қазір құтқарушыларға хабарласуға болады ғой. Жылыту бекеті де тұр. Егер асудан өте алмасаңыз, сонда барасыз. Ішінде жатар орын, пеш бар», - дейді Өскемен қаласында тұратын көлік жүргізушісі Еркебұлан Мұхамедов.

Асуды жұрттың бәрі білсе де, Байбура бидің кім екендігі көпке беймәлім. Бидің ұрпағы Мұратхан Кенжеханұлының айтуынша, ол 1720-1793 жылдары өмір сүрген.

«Байбура би Абылай хан тұсындағы аты әйгілі Қожаберген батырдың ұлы. Яғни, он екі рулы Абақ керейден тараған. Тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» атты кітабындағы «Қожаберген батырдың тегі және өмір жасы хақында» деген бөлімінде Байбура Қожабергеннің екінші әйелінен туатыны, оның 1759 жылы 2 қыркүйек күні бір топ қазақ азаматтарымен бірге Үрімжіге жылқы айдап апарып, сауда жасағаны туралы деректер келтірілген. Бұл ақпараттарды автор мәнжу-қытай мұрағаттары бойынша тауыпты», - дейді Мұратхан Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, бүгінде Байбураның Қазақстан, Қытай, Моңғолия жерінде үш мыңнан астам ұрпағы бар. Олардың дені, Қытайдың Алтай аймағы Қаба ауданына қоныстанған.

«Байбураның зираты Кеңес заманында жолдың астында қалып қойған. Айтыскер ақын Серік Құсанбаев Байбура туралы жазған балладасында алапат боранның қасиетті би аруағының соған сай туған ашуы екендігі баяндалады. Байбураның өмірі жаугершілік заманмен тұспа-тұс келсе де, қазірге дейін ерлігі туралы нақты ақпарат жоқ. Сондықтан қолдан тарих жасап, «Батыр болған!» деп жалған мақтанышқа бармай-ақ қояйық. Ерлігі болса, нақты жазба деректер табылып жатса ертеңгі күннің еншісінде болсын. Есесіне, Байбураның дәулеті мен өнері жиі айтылады», - дейді бидің ұрпағы.

«Керімбала дауына» төрелік айтты

Өз сөзінде ол ел ортасына тараған бір аңызды айта кетті. Байбура жастайынан өнердің әр түрін меңгерген шебер және сөзге жүйрік болып ер жетеді.

«Сол дәуірде орта жүздегі арғын мен уақтың арасында «Керімбаланың дауы» туады. Оқиға барысы былай: арғынның Қарабас деген азаматы уақтың Керімбала деген аруына қалың беріп, құда болады. Қыз жасау-жабдығын артып ұзатылып келе жатқан жолда Қарабас жол-жөнекей тағы бір қызға ғашық болып, екеуін қабаттастырып алмақ болады. Керімбала бұған көнбей, кері қайтады. Сөйтіп, екі жақта дау туады. Күн өткен сайын күрделеніп бара жатқан бұл дауға қатысты билікті Байбураға айтқызуға қос тарап та бірауыздан келісім береді. Сондағы Байбураның кесімі: «Бір тойда екі жар болмайды, сондықтан Қарабастың ісі қазақ дәстүріне жат. Босағасын аттамаған соң, Керімбаланың басы қазірден бастап бос деген сөз. Әуелгі қателік жігіттен кеткендіктен, қалың мал қайтарылмайды». Содан бастап тура сөйлеп, әділ төрелік айтқан Байбураны жұрт «Қара би» атап кеткен көрінеді», - дейді Мұратхан Кенжеханұлы.

Айта кетейік, таяуда би ұрпақтары Байбура асуына ескерткіш қойды. Биіктігі 4 метрге жететін белгі-тастың салтанатты ашылуынан соң ғылыми-тәжірибелік конференция, жыр мүшәйрасы мен ақындар айтысы ұйымдастырылды. Алдағы уақытта ескерткіш маңы абаттандырылып, жолаушылар аялдайтын орын жасалмақ.


Айта кетейік, қыс басталмай тұрып ШҚО-да жолға шыққан адамдар боранда қалып жатыр.

Бұған дейін Глубокое ауданындағы Сержиха мен Кіші Үбе өзендерінің түйіскен жеріндегі жолда «Ниссан Патрол» және «УАЗ» маркалы автокөліктер боранда жүре алмай қалғанын хабарлаған болатынбыз.

Көліктерде барлығы 6 адам, оның ішінде екі бала болды.


Соңғы жаңалықтар