Бонн конференциясы барысында СІМ басшысы Е. Қазыханов бірқатар әріптестерімен кездесті

None
None
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кеше Бонн қаласында басталған Ауғанстан мәселелері жөніндегі ірі Халықаралық конференция барысында ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов өзінің бірқатар елдердегі әріптестерімен,

атап айтқанда Германия, Ирак, Индонезия, Малайзия, Түркіменстан және басқа да елдердің сыртқы істер министрлерімен кездесті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметінен хабарланды.

Оның ішінде Латвия сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевичпен кездесуі барысында екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынас, көлік саласы мен логистика мәселелеріндегі ынтымақтастық талқыға салынды. Әңгіме барысында елдер арасындағы ынтымақтастық ауқымы әлеуеттерді толық көрсете алмай отырғандығы аталып өтті. Әңгімелесушілер сондай-ақ екі мемлекеттің арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейін, қазақстан-латвия үкіметаралық комиссиясының жоғары тиімділігін тілге тиек етті. Сондықтан да, алдағы уақытта ынтымақтастықтың кең ауқымын жандандыруға ниеттерін білдірді.

Сонымен қатар, жүздесу барысында Қазақстанның Еуропалық одақпен, Еуропалық Кеңеспен ынтымақтастық мәселелері, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2015-2016 жылдарға Қазақстанның уақытша мүше ретінде мүшелігіне өтініш беруі, сондай-ақ ЭКСПО-2017 халықаралық арнаулы көрмені Астанада өткізу мәселелері жайында әңгіме қозғалды.

Ал Ержан Қазыхановтың Португалия СІМ Паоло Порташпен кездесуі барысында елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты кеңейту мәселелері талқыланды. Министрлер құқықтық-келісімдер базасының жағдайына сараптама жасаудың маңыздылығына тоқтала келе, оның ауқымын арттыруды, сондай-ақ қазақстандық-португалиялық бизнес-форумды өткізу мен оған дайындық барысын әңгімеге арқау етті. Қазақстан СІМ басшысы португалиялық бизнестің Қазақстандағы индустрияландыру бағдарламасына қатысуындағы артықшылықтары жайында сөз қозғады. Ал П.Порташ өз кезегінде қазақстандық компаниялардың Португалияға инвестициялар жасауындағы мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Бұдан бөлек, ҚР СІМ Е. Қазыхановтың АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі орынбасары Роберт Блейкпен кездесуі өтті. Онда екіжақты ынтымақтастық перспективалары, Ауғанстан мен осы өңірдегі жағдайлар туралы әңгімелер өрбіді.

Соңғы жаңалықтар