Бомба туралы жалған хабар беретіндер арасында жұмыссыздар басым

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жарылғыш зат туралы жалған ақпарат тарататындар арасында жұмыссыздар басым. Бұл туралы ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары Спартак Қабденов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат жолдау - жай ғана бұзақылық емес, қылмыс болып саналады. Өйткені, жалған хабар таратқан адам ақпаратты жолдағаннан кейін қылмыс жасалған деп саналады. Телефонмен хабарлайтын бұзақылықтың басым бөлігі мас күйде жасалады. Мысалы, 2022 жылдың 5 айында істері сотқа жолданған 12 адамның 11-і қылмысты мас күйінде жасаған. Сондай-ақ қылмыстың 80 пайыздан астамын, яғни, ашылған 19 қылмыстың 15-ін жұмысы жоқтар жасаған», - деді ол министрліктің баспасөз алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілердің, мессенджерлердің, басқа да ақпараттық технологияның дамуына байланысты жалған хабардың интернет арқылы жолдануы күрт өскен.

«Осы жылдың 5 айында электрондық хабарлама жолдауға қатысты 35 қылмыстық іс қозғалды. Оның барлығы адам көп жиналатын әуежай, темір жол вокзалы, мемлекеттік орган ғимараттары сынды нысандардың электронды поштасына жолданған», - деді Спартак Қабденов.


Соңғы жаңалықтар