«Бомба қойылды»: Шымкент әуежайынан адамдар эвакуацияланды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Бүгін түнде белгісіз біреулер Шымкент әуе айлағының поштасына бомба қойылғаны туралы хат жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желілерге тараған видеодан әуежайдың барлық қызметкерлері мен жолаушылар қауіпсіз жерге шығарылып жатқанын көруге болады.

«15 желтоқсан күні сағат 02:00-де Шымкент әуежайының электронды поштасына әуежай ғимаратында бомба қойылғандығы туралы хат келіп түсті. Барлық қызметтерге хабарланды», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, әуежай терминалынан адамдар эвакуацияланған.

Полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті әуежай қызметімен бірлесіп, арнайы іс-шаралар өткізген.

Нәтижесінде, Шымкент әуежайына бомба қойылғаны туралы хабарлама жалған болып шықты.

Ал Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек Қылмыстық кодекстің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша тіркелгенін мәлім етті.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайтыны айтылды.



Соңғы жаңалықтар