Болгариядағы турнирде алты боксшымыз ширек финалға шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан Болгарияда өтіп жатқан «Странджа» халықаралық турнирінде алты қазақстандық спортшы ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біз бұдан бұрын Болгариядағы халықаралық турнирге қазақстандық былғары қолап шеберлері аттанып кеткенін хабарлаған едік.

Ширек финалға берілетін сайыста үш боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды. Атап айтқанда, Әнуар Мұзаппаров (52 келі) үндістандық Гаурав Соланкиден, Қайрат Ерәлиев (56 келі) болгариялық Боян Асеновтен, Бек Нұрмағанбет (81 келі) АҚШ боксшысы Атиф Оберлтоннен 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Біздің құрамада 75 келі салмақта сынға түскен Ерік Әлжанов одан бұрынғы кезеңде қарсыласына есе жіберіп қойды.

Ал Теміртас Жүсіпов (49 келі) шотланд боксшысы Акила Ахмедтен, Закир Сафиуллин (60 келі) италиялық Франческо Майеттадан 5:0 есебімен басым түсті. Ал Санатәлі Төлтаев (64 келі) аргентиналық Максимилиано Оддиді 4:1 есебімен тізе бүктірсе, Абылайхан Жүсіпов (69 келі) косоволық Бехрами Патриотаны 5:0 есебімен жеңді. Тәжірибелі былғары қолғап шебері Василий Левит (91 келі) Санжар Тұрсыновтың (Өзбекстан) осал тұсын тапты. Есеп 5:0. Ал ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) түрік жігіті Мусахит Ілиясты екінші раундта техникалық нокаутқа жіберді.

Біздің жігіттердің ширек финалдағы қарсыластары белгілі болып отыр. Мәселен, Теміртас Жүсіпов болгариялық Эргюнал Сабримен, Зәкір Сафиуллин қытайлық Шензе Кимен, Санатәлі Төлтаев грузиялық Отар Эраносянмен кездеседі. Ал Абылайхан Жүсіпов ресейлік Шахабас Махмудов, Василий Левит америкалық Джаред Андерсонмен қолғап түйістіреді. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев болгариялық Петар Белберовпен жартылай финал жолдамасына таласады.

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері бұдан бұрынғы жылдарда да «Страндж» турнирінде бақ сынап келеді. Былтыр біздің жігіттер аталмыш турнирден 1 алтын, 4 қола медаль алып қайтқан еді.

Соңғы жаңалықтар