Болгариядағы қазақстандық жасөспірімдер жанжалы немен аяқталды
Бұған дейін әлеуметтік желіде Болгариядағы футбол алаңында болған жанжал видеосы тараған еді.
«Бұл - әдеттегі, кез келген спорттық матч кезінде болатын жанжал. Онда жасөспірімдер чемпионаты болған, біздің үш-төрт жеке командамыз барған. Олар Сыртқы істер министрлігіне де, елшілікке де хабар бермеген. Алайда, біздің дипломаттар өз жәрдемін ұсынды, оқиға орнына жергілікті полиция барды. Әр тарап өз түсіндірмелерін берді. Бір-біріне еш кінәрат қоймағандықтан, тараптар өзара ымыраға келіп, еш арыз жазылған жоқ», - деп түсіндірді А. Смадияров министрлікте өткен апталық брифингте.
Сонымен бірге, ресми өкіл жаттықтырушымен және ата-аналармен сөйлескен, олар 26 тамызда елге оралды.
«Біздің Болгариядағы елшілігіміз тиісті жұмыс жүргізді. Болгария сыртқы істер министрлігіне, содан кейін қала полициясына мән-жайды анықтау және кінәлілерді жауапқа тарту туралы өтініш жіберілді. Сондай-ақ, турнир аяқталғанша қазақстандық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қала әкімшілігімен және жергілікті полициямен уағдаластық жасалды», - деді Айбек Смадияров.