Болгария турнирі: Қазақстандық боксшылар жеңісті жолын жалғастыруда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Болгарияның София қаласында ерлер және әйелдер боксынан «Странджа-2021» халықаралық турнирі өтіп жатыр. ҚазАқпарат Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып ерлер арасындағы аралық нәтижелерді ұсынады.

Атап айтқанда, 81 келіде шаршы алаңға шыққан Бауыржан Байгөншеков швециялық Нуха Лирирдинді 3:2 есебімен ұтты.

Райыс Нұрқанат 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қарсыласы армениялық Арман Дарчинянды, 91 келіде Сағындық Тоғамбай хорватиялық Тони Филипті 5:0 есебімен ұтып, жарыстың кезекті айналымына жолдама алды.

Өкінішке қарай, 69 келіде жұдырықтасқан Қуан Қуатов украиналық Евгений Барабановқа жол берді. Екеуара кездесу 0:5 есебімен украиналық боксшының еншісіне шешілді.

Әйелдер арасында Ангелина Лукас словакиялық Николь Дурицованы жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

Айта кетерлігі, биыл 72-ші рет ұйымдастырылып отырған байрақты бәсеке 28 ақпанға дейін жалғасады. Ел намысын қорғауға аттанған спортшылар: Олжас Байниязов, Бейбарыс Жексен, Саматәлі Төлтаев, Қуан Қуатов, Нұрқанат Райыс, Бауыржан Байгөншеков, Сағындық Тоғмбай, Айболды Дәуренұлы және Әділ Басығараев.



Соңғы жаңалықтар