Болгария турнирі: қазақстандық боксшылар еншісінде - бес күміс жүлде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - София қаласында бокстан халықаралық «Странджа-2019» турнирі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осымен жетпісінші мәрте ұйымдастырылған байырғы жарысқа негізгі құрамда қатысқан Қазақстаннан бес боксшы финалға шықты.

Соңғы бәсекеге бес бірдей боксшы жолдама алғанымен, қазақстандықтарды жолы бола қойған жоқ. Алдымен қолының жарақатына байланысты Абылайхан Жүсіпов (69 кг) рингке шыға алмады. Жеңіс қарсыласы, өзбекстандық Бобо-Усмон Ботуровқа берілді.

Финалда 2013 жылғы Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов 49 кг салмақта 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, үндістандық Амит Пангалдан айласын асыра алмады. Төрешілер бірауыздан А.Пангал ұтты деп тапты.

Тағы бір тәжірибелі боксшы, 2015 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Зәкір Сафиуллин 60 кг салмақта ресейлік Артур Субханкуловпен кездесті. Бұл жолы да 4:1 есебімен жеңіс ресейлік боксшының уысында кетті.

Ересектер арасындағы додаға қосылғанына көп бола қоймаған жас боксшы Санатәлі Төлтаев 64 кг салмақта Ресей чемпионы Алексей Мазурмен шаршы алаңға шықты. Обалы не керек, Санатәлі алға ұмтылып, барын салды. Әйтсе де сәл басымдылықпен (3:2) ресейлік боксшының қолы көтерілді.

Қазақстанның соңғы үміті, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит тағы бір ресейлік Садам Магомедовпен алтын жүлдеге таласты. Алайда жеңіс тағы да қазақстандық боксшыға бұйырған жоқ. Бұл жолғы есеп 4:1 -С.Магомедовтің пайдасында.

Қазақстаннан бес, Ресей мен Өзбекстаннан төрт боксшыдан финалға жолдама алғанымен, алтын медаль жөнінен отандастарымыз олардан қалып қойды.

Өткен жылғы осы турнирден қазақстандық боксшылар 1 алтын, 4 қола жүлдемен қайтқан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық бес боксшының жартылай финалға шыққанын, содан кейін олардың алтын жүлде үшін таласатынын, ал Абылайхан Жүсіповтің жарақатына байланысты күміспен шектелгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар