Болат Сәрсенбаев: Қазақстан әртүрлі діндердің бейбіт өмір сүруінің баға жетпес тәжірибесіне ие болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Тарих үшін қысқа ғана уақыттың ішінде Қазақстан конфессияаралық келісім саласында қандай жетістіктерге қол жеткізді?

Өзге елдерге конфессияаралық диалог пен келісім саласында қандай үлгі көрсете алады? Осы және өзге де сауалдарды Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығының төрағасы Сәрсенбаев Болат Серғазыұлына қойған едік.

- Болат Серғазыұлы, алдымен республикамыздағы конфессияаралық келісімнің қазақстандық жолы және оның жетістігі жайлы айтып берсеңіз.

- Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан этносаралық және конфессияаралық келісім құндылықтарын құру әрі оны насихаттаудың арқасында бұл салада зор жетістікке жетті. Ел басшылығының көреген саясатының арқасында елімізде әртүрлі мәдениеті, тілі мен дәстүрі бар 130-дан астам этнос пен 18 діни конфессия достық пен үйлесімде өмір сүруде.

Діни қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат әрқашан ар-ождан мен діни сенім бостандығын заңнамалық және институционалдық негізде қамтамасыз еткенін атап өткен жөн. Бұл Қазақстанның барлық діни ағымдарға қатысты толеранттық қағидаттарын әрдайым ұстанатынын және олар өз кезегінде елдің дамуына өз үлесін қосатынын тағы да дәлелдейді.

Сондықтан еліміздің басты стратегиялық ресурсы этносаралық және конфессияаралық келісім, жалпыұлттық бірлік пен толеранттық болды және болып қала береді. Осының арқасында Қазақстан өзінің жетістіктерінің тарихымен бөлісе алады.

– Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында діндер мен өркениеттер үнқатысуының жаһандық орталығына қалай айналды?

- Сөз жоқ, еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы жоғары мәртебесі негізінен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді бітімгершілік қызметінің нәтижесінде қалыптасты. Халықаралық диалог жүргізудің қазақстандық стилі - бұл сындарлы тәсілдеменің және ойластырылған шешімдердің жақтаушысы болған Елбасының жеке қасиеттерінің көрінісі деп айтуға болады.

Тәуелсіздік жылдарында біздің еліміз шын мәнінде көпконфессиялы қоғамға айналып, достық пен рухани жақындық қатынастарын орната алған халықтардың бірге өмір сүруінің бірегей тәжірибесін жинақтады.

Нәтижесінде Қазақстан өзінің ішкі жетістіктерін халықаралық аренада дәріптей білді. Олардың қатарында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі, Сирия бойынша Астана процесі және Иран келіссөздері бойынша халықаралық диалог алаңдарын ұйымдастыру бар. Сондықтан, Қазақстанның халықаралық аренадағы діндер мен өркениеттер үнқатысуының шын мәніндегі жаһандық орталығына айналғанын нық сеніммен айтуға болады.

Бүгінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәйекті саясатының арқасында Қазақстан мәдениеттер, діндер, өркениеттер диалогына бағытталған бастамалар мен іс-қимылдарды қолдауды жалғастыруда және осы саладағы кең және тиімді ынтымақтастық орнатуға ынталы екенін білдіруде.

- Қазақстан басқа елдерге конфессияаралық диалог пен келісім саласында қандай үлгі көрсете алады?

- Қазақстанның этномәдени және конфессиялық саналуандығы - бұл қазақстандықтарға басқа халықтармен құнды мәдени жетістіктерімен алмасуға мүмкіндік беретін үлкен байлық, барша қоғамымыздың ортақ игілігі. Әлемдік және дәстүрлі діндердің озық дәстүрлерін құрметтей және қолдай отырып, Қазақстан халқы заманауи зайырлы мемлекет құруда.

Бүгінде Қазақстан түрлі діндердің, мәдениеттер мен өркениеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің бай, тарихи баға жетпес тәжірибесіне ие болды. Әлемде туындап отырған этносаралық және конфессияаралық қақтығыстар аясында конфессияаралық және дінаралық диалогты нығайтудағы бірегей қазақстандық тәжірибе жаһандық деңгейде сұраныста.

Сондықтан, мемлекетіміздің астанасы - Нұр-Сұлтанның әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұрақты кездесу орны мен тұрақты диалог алаңына айналуы кездейсоқ емес. Әлемдік қоғамдастықтағы діни лидерлерінің өзара диалогындағы шешуші және маңызды орынды дін мен оның рухани құндылықтары алатыны белгілі.

– Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізудің негізгі рөлі қандай?

- Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 2003 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған болатын. Басты миссия - жалпы адамзаттық бағдарларды іздеу және діндерді, мәдениеттер мен халықтарды жақындастыру. Бұл ойды христиан, мұсылман, еврей, буддист және басқа діни бірлестіктердің өкілдері белсене қолдады. Шын мәнінде, сол кезде Съез отырыстары аралығындағы қызметті қамтамасыз ету мақсатында хатшылықты оның жұмыс органы ретінде құру туралы шешім қабылданды. Қазір Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы саналады.

Әлемде өзге де диалог алаңдары жұмыс істейді. Бірақ біздің съезіміздің ерекшелігі, біріншіден, оның ауқымында екенін атап өту қажет. Съезд діни бағыттардың кең құрамды екенімен бағалы. Екіншіден, съез жұмысына әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшылары, әрдайым бірінші қатардағы адамдар емес, бірақ өз конфессияларының қызметінде тікелей шешім қабылдайтын ықпалды адамдар қатысады. Саяси көшбасшылар, мемлекеттер мен БҰҰ, ЕҚЫҰ секілді халықаралық ұйымдар басшыларының жоғары деңгейде қатысуын да атап өтпей тұра алмаймыз.

Келесі съезге Рим Папасы Бенедикт пен православие шіркеуінің Патриархы Кирилл қатысады деп жоспарлап отырмыз. Қатысушылардың жоғары құрамы Исламнан да ұсынылды. Қазіргі кезде VII съезге қатысушыларды шақыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Съез идеясы өзінің өзектілігін жоғалтпайтынын атап өткім келеді және оны форумға қатысушылардың тақырыптары, секциялары мен географиясының кеңеюінен көруге болады. Егер I съезге 17 елден өкіл қатысса, келесі жылы әлемнің 70-тен астам елінен қатысушылар келеді деп жоспарланған.

– Өзіңіз басқарып отырған Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығы қызметінің бағыттары туралы айтып берсеңіз?

- Орталық 2019 жылы құрылған. Мұндай орталықты құру идеясы 2018 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде айтылды. Съезге қатысушылар орталықты халықаралық деңгейде бейбітшілік пен келісімді сақтауға және қамтамасыз етуге қосқан үлесін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев есімін беру туралы ұсыныс білдірді.

Орталық құрылған күннен бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың халықаралық бастамаларын ілгерілетуге, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың конфессияаралық диалогты дамытудағы дәйекті саясатын іске асыруға және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттерін танымал етуге белсенді түрде араласып кетті.

Бұдан басқа, біз халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі жаңа бастамаларды іске асыруда отандық және халықаралық әріптестердің ынтымақтастық желісін кеңейтуді жалғастырудамыз. Ынтымақтастық туралы меморандумдарды түзу кезінде формализмді болдырмай, әрбір меморандумға практикалық түрде екі тараптан да орындалатын және қызығушылық тудырған тармақтарды қосуға тырысқанымызды атап өтемін. Мысалы, жақында ҚР Ұлттық музейімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойдық. Оның аясында келесі жылы Қазақстанда діннің пайда болу тарихы жайлы экспозиция дайындауды жүзеге асырамыз. Қазақстанның бай тарихын ескере отыра осындай экспозицияның сұранысқа ие болатынына кәміл сенемін және оны съез қатысушыларының назарына ұсыну жоспарымызда бар.

Сондай-ақ, осы жылы орталығымыз Елбасының бастамалары мен съездің мақсаттарын ілгерілету мақсатында Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесіп, отандық және шетелдік сарапшылардың, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, съез делегаттарының қатысуымен Еуропа мен Азияның ірі қалаларында халықаралық дөңгелек үстелдер өткізеді.

Жыл соңына дейін Ереван, Будапешт және Куала-Лумпурда бірқатар дөңгелек үстел өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл біздің әріптестермен бірлесіп өткізген отырыстар немесе діни тақырып бойынша басқа да халықаралық конференцияларға, семинарларға, көрмелерге қатысқан іс-шараларға жатпайды.

Әртүрлі елдерден келген серіктестер мен съезге қатысушылардың белсенділігінің арқасында ислам, христиан, буддизм және иудаизм туралы бірнеше фото-көрмелер өткіздік.

- Пандемия Съез дайындығына қалай әсер етті?

- Пандемия 2021 жылы өтуі жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезінің өтпеуінің басты себептерінің біріне айналды. Карантиндік іс-шаралардың күшейтілуіне байланысты орталықтың жұмысын қайта құруға және онлайн-режим арқылы іс-шаралар өткізуге тура келді. Сонымен қатар, елде карантин жеңілдегеннен кейін өткізілген алғашқы офлайн іс-шараларының бірі - съезд хатшылығының кезекті XIX отырысы болды.

- Дипломатиялық тәжірибеңіз мол. Дәл осы басымдығыңыздың орталық қызметін іске асыруда қаншалықты көмектеседі?

- Жалпы, мен дипломатиялық мансап жолымды қазіргі орталықтағы лауазымыма дайындық ретінде қарастырамын. Ол маған әлемдік діндерді зерттеуге мүмкіндік берді. Мен Қытайда, Израильде, Үндістанда, Грекияда және ислам, христиан, буддизм, иудаизм және даосизм сияқты діндер қалыптасқан Таяу Шығыс елдерінде жұмыс істедім. Өз қызметімнің түрі мен қызығушылығым бойынша осы елдердің мәдениеті мен дінін кітаптар арқылы да, діни қайраткерлермен және сарапшылар қауымдастығымен кездесулер арқылы да зерттеуге тура келді.

Орталықты басқаруды ұсынған кезде, шын мәнінде, іштей дайын болдым. Әлемдік діндердің тарихын білетінмін және осы діндердің өкілдерімен қарым-қатынас жасау тәжірибем бар. Әсіресе, Хатшылық пен съезд алаңында шетелдік достарың мен әріптестеріңді көру аса қуаныш сезімін тудырады.

– Қазіргі Қазақстанның тағдыры Елбасының тұлғасымен тығыз байланысты. Оның рөлін қалай бағалайсыз?

- Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елі мен бүкіл әлем үшін дәуір тұлғасы бола отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы өзінің теңдессіз жауапкершілігімен ерекшеленеді. Елбасы қуатты қоғамның ұйыстырушысы, Қазақстанның жан-жақты және сенімді өсуінің конституциялық кепілі болды. Халық мойындаған және еліміздің Конституциясы бойынша ол - Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы. Реформатор ретінде танылған көшбасшы факторы осы жылдар ішінде елімізде жүзеге асырылған барлық өзгерістердің қайнар көзі мен қозғаушы күшіне айналды.

- Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Бұл оқиға сіз үшін нені білдіреді?

- Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы - табысты мемлекеттің теңдессіз мысалы. Біз кең ауқымды ұлтаралық қақтығыстар мен дінаралық қайшылықтардан аулақ болдық. Жас қазақстандықтардың қазіргі буыны социалистік экономикадан нарықтық экономикаға өтудің «барлық жақсылықтарын», азық-түлік тауарларының жетіспеушілігін, білікті мамандардың тапшылығын сезген Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын біле бермейді. Елімізде заңнама, қаржы және банк жүйесі сияқты көптеген саланы жаңадан құрып, аяққа тұрғызуға тура келді.

Өткенге көз жүгіртер болсам, өмірімде көп нәрсені өзгертуге мәжбүр болдым. Елде туындаған жаңа өзгерістерге бейімделу және қоғам мен мемлекетке пайдалы болу мақсатында қосымша білім алып, шеберлігімді ұштауға тура келді.

Уақыт пен мән-жайлардың қиыншылықтарына қарамастан, бүгінде экономикада, азаматтарымыздың тұрмыс деңгейін көтеруде белгілі бір жетістіктерге қол жеткіздік. Иә, әлі көп нәрсені шешу керек. Бірақ, біз дұрыс жолдамыз. 30 жыл - бұл көп те, аз да емес. Өзге елдерге біздің биіктерімізге жету үшін әлдеқайда көп уақыт қажет болды.

Дипломатиялық қызметім мен жұмыс іс-сапарларым барысында көптеген елді араладым және Еуропа елдері азаматтарының өмірі мен тұрмысын еріксіз салыстыра отырып, көптеген салаларда, әсіресе, цифрландыруда үлкен табыстарға қол жеткізгенімізді атап өткім келеді. Бәрі салыстыру арқылы танылады.

- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай қазақстандықтарға тілегіңізді білдіріп өтсеңіз.

- Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және табыс, сондай-ақ елдің пандемиядан кейінгі кезеңінен тезірек шығуын тілеймін.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар