Болат Сәрсенбаев: Ата заң - елдің табысты саяси және экономикалық дамуының сенімді кепілі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 30 тамызда біз еліміздің ең үлкен және маңызды мерекелерінің бірі – Конституция күнін атап өтеміз. Шынында, тек Конституция ел азаматтарының негізгі құқықтары мен бостандықтарын анықтайды. Ал оларды қорғап, сақтаудың бірден бір кепілі Қазақстан Республикасы Президентінің жауапкершілігіне жүктелген. Осы айтулы күнге орай «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаевтың Қазақстан халқының күнделікті өмірінде пайдаланып отырған еліміздің негізгі нормалары мен заңдарының қалай әзірленіп, қолданысқа енгізілгені жөніндегі мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.

Алдымен, еліміздің алғашқы заңдары Қазақ хандығы мерзімі кезеңінде құрылғанын атап өту қажет. Осы ретте тарих қойнауларынан белгілі болған көрнекті қазақ хандарының – Қасым («Қасым ханның қасқа жолы»), Есім («Есім ханның ескі жолы») және Тәукенің («Жеті Жарғы») заң шығарушылық белсенділіктерін атап өтеміз.

«Жеті Жарғы» деп аталған Тәуке ханның заңдар жинағы Ұлы далада кең тарап, оның әкімшілік жүйесінің негізін қалады.

Кейіннен Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіруі себебінен елімізде РФ-ың арнайы қабылдаған заңдар жиынтығы қолданыста болғаны тарихтан белгілі. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Қазақстанда билікке келген Алаш Орда Үкіметі өзінің партиялық бағдарламасында мемлекеттік билікті үш тармаққа бөлу, жалпы сайлау және т.б. сияқты идеяларды қабылдады (Бағдарлама 1917 жылы «Қазақ» газетінде жарияланды). Мемлекеттік құжат өзінің құрылымы жағынан сол кездегі Еуропа елдерінің конституцияларына ұқсас болды.

Алайда, шын мәнінде өзінің мазмұнына сәйкес келетін Конституциялық актілер 1920 жылдан бастап 1991 жылға дейін Қазақстанның КСРО құрамына кіру кезеңінде әзірленді және қабылданды. Аталған кезеңде бірнеше конституциялар қабылданды (1926ж. 18 ақпан, 1937ж. 26 наурыз, 1978ж. 20 сәуір), онда бүкіл билік халыққа тиесілі болды, олар таптық түрде жұмысшылар, шаруалар және еңбек зиялылары болып бөлінді. Билік және мемлекеттік органдардың басшылығы ретінде Қазақ КСР Коммунистік партиясы тағайындалды.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі XII шақырымының IX сессиясында қабылданды. Айта кетерлік жайт, еліміздің Негізгі заңы Совет одағы ыдырағаннан кейінгі Республиканың дағдарыс жағдайында жасалды және қабылданды. Соның салдарынан кейбір кемшіліктерге жол берілді. Соған байланысты кемшілігі бар, Оның қабылдануы мемлекеттік өзара қарым-қатынас жүйесін қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді, сонымен бірге, мемлекеттік басқару тетігінің ішкі саяси бағытын қайта өңдеп, бағдарлауға ықпал етті. Бірінші Конституцияда Қазақстанның тәуелсіздігі бекітілді, президенттік институт заңды түрде ресімделді және Мемлекет басшысына биліктің барлық атқарушы тармағының жоғары және жергілікті деңгейлерде жұмыс істеуі үшін саяси жауапкершілік жүктелді.

Бірінші демократиялық Конституцияның қабылдануы еліміз үшін тарихи және ауқымды оқиға болды. Сонымен бірге, 1993 жылғы Конституция қысқа мерзімді перспективаларға ғана арналғанын және шын мәнінде демократиялық құндылықтарды одан әрі дамыту, мемлекеттілікті қалыптастыру үшін негіз құрғанын атап өткен жөн. Бұл құжат екі жыл бойы жұмыс істеді.

1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда мақұлданған Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясын қабылдау біздің мемлекеттілігіміздің дамуының кезекті кезеңінің куәсі болды. Құжатты қабылдау алдында Конституция жобасы төңірегінде ауқымды пікірталас болды. Жаңа конституциялық құжатқа сәйкес Қазақстан президенттік басқару нысанындағы мемлекет болып жарияланды, ал 30 тамыз күні мемлекеттік мерекеге айналды.

Біз осы актімен әлем картасында жаңа мемлекеттің - болашақ Қазақстан Республикасының негізі қаланғанын мақтанышпен айта аламыз. Тарихта және әлемдік практикада қазіргі заман үшін осындай маңызды оқиғалар өзінің қоғамдық-саяси және тарихи маңыздылығына байланысты әрқашан маңызды мерекелерге айналады. Конституцияны қабылдау негізінде мемлекеттің халқы құрылды, тәуелсіз мемлекеттің атрибуттары пайда болды және оның халқы азаматтық жағынан бірегейлендірілді.

Қазақстан салыстырмалы түрде жас мемлекет ретінде биылғы жылы 30 жасқа толуына байланысты «Жас» конституцияға ие. Тарихи стандарттар бойынша бұл өте аз уақыт. Бірақ, тәуелсіздік жылдарында еліміздің Негізгі заңы түпкілікті қалыптасып, бүгінгі күні қоғамымыздың басты құжатына айналды.

Жаңа Конституцияға көптеген өзгерістердің енгізілгенін атай отыра олардың ішіндегі төмендегі кейбір маңыздыларын атап өтуге болады - Парламенттің өкілеттіктері мен функцияларының кең ауқымы Мемлекет басшысына өтті, Жоғарғы Кеңес таратылды, Парламент екі палаталы болды (Сенат пен Мәжіліс). Жаңа ережелер бойынша қазақстандықтар нақты бір адам үшін емес, белгілі бір партия үшін дауыс беруге тиіс болды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясына өз өкілдерін Парламент Мәжілісі мен Сенатына ұсыну құқығы берілді.

Сол кезде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» мәртебесін бекіткен толықтырулар енгізілді. 2017 жылы ол Президенттің жекелеген өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке ауыстыруға бағытталған конституциялық реформа өткізетінін жариялады.

Конституцияға ең соңғы маңызды өзгертулер 2019 жылғы наурызда енгізілді. Олар Қазақстан астанасының Нұрсұлтан қаласы болып қайта аталуымен байланысты болды. Бұл тарихи шешімді Парламент Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасы бойынша, қазіргі Қазақстанның негізін қалаушы Елбасының тарихи сіңірген еңбегін ескере отырып қабылдады.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Конституция мен заңдарда көзделген функциялар мен өкілеттіктерді Елбасының берік беделіне, сарқылмас даналығы мен мол тәжірибесіне сүйене отырып, онымен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып жүзеге асыруда.

Осылайша, 1995 жылғы ҚР Конституциясы «Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларацияны (1990 жылғы 25 қазан) және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңын (1991 жылғы 16 желтоқсан) қабылдаудан басталған тәуелсіз мемлекеттің конституциялық құрылысы процесін аяқтады. Онда 1993 жылғы Конституцияда қамтылған алғышарттар өзінің логикалық межесіне жеткізілгенін баса айту қажет.

Конституцияны әзірлеу және қабылдау барысында Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өткім келеді. Конституция, Қазақстанның конституциялық-құқықтық дамуы, сондай-ақ, олардың негізінде еліміздің қол жеткізген елеулі табыстары - осының бәрі біздің Ұлттық көшбасшымыз - Нұрсұлтан Назарбаевтың жүйелі жұмысының нәтижесі. Ол салған қазақстандық мемлекеттіліктің құқықтық негіздері қоғам мен мемлекеттің даму процесінде туындайтын барлық сын-қатерлерді, оның ішінде жаһандық сын-қатерлерді сәтті еңсеруді қамтамасыз ететін өзек болып табылады.

Оның осы саладағы айрықша рөлін Конституцияның әзірлеушілері болған Н.Шайкенов, К.Колпаков, Б.Мұхамеджанов, Ю.Басин, В.Ким, А.Котов, Е.Нұрпейісов, академиктер Ғ.Сапарғалиев, М.Сүлейменов сияқты еліміздің белгілі заңгерлері еске алады. Олардың естеліктері бойынша «Президент Нұрсұлтан Назарбаев Конституция мәтінін жасау және талқылау жұмыстарын өзінің жеке бақылауына алды, ол барлық егжей-тегжейлерді ысырмай, қарастырып отырды, жобаның әрбір бабы мен әрбір жолын мұқият зерттеді, өте маңызды түзетулер мен толықтырулар жасады. Президент олармен жиі кездесіп отырды, керек кезде жобаның дайындалған мәтінін талқылау үшін оларды өзіне шақырып отырды».

Сондай-ақ, оның елге сіңірген еңбегі ретінде бейбітшілік, тұрақтылық және елдегі конфессиялар мен ұлттар арасындағы өзара құрмет пен сыйластықты орната алғандығын айрықша атап өту қажет. Қазақстанда адамдар, әлеуметтік топтар арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастар жалпыұлттық келісімнің қажеттілігі және оның қоғамдағы маңызды факторын айқындайтын объективті жағдайлар жасады. Бұл қажеттілік конституциялық нормаларда мемлекеттік құрылыстың негіздерінің бірі ретінде көрініс тапты.

Қазақстан бүкіл әлем алдында 130-ан аса тең құқықты ұлттың тату отбасын білдіреді. Әрбір қазақстандықтың өмірі - біздің тарихымыздың шағын бөлшегі, бұл жаңару үстіндегі қоғам психологиясын сипаттайтын қағидаттарға негізделген жалпыұлттық келісімнің растамасы болып табылады.

Сондықтан, елдегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің мұндай тәжірибесі 2000 жылдардың басында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру ұсынысымен әлемдік аренаға шығуға мүмкіндік берді.

2003-2021 жылдар аралығында өткен Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты Съезінде бүкіл әлем халқының бейбіт және лайықты өмір сүру мақсатында діни өкілдердің ынтымақтастығын нығайту мәселелері қарастырылды.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани көшбасшылар Съезін шақыру туралы бастамасы Қазақстан мемлекетінің бейбітшілік пен тұрақтылық жолындағы жаһандық дінаралық диалогты дамытуға қосқан қомақты үлесі болып табылады.

Қазіргі уақытта осы Съез жұмыстарын іске асыру Н.Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Орталығының құзыретінде. Орталық ағымдағы жылдың қазан айында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен аталған Съез Хатшылығының кезекті ХІХ отырысын өткізеді. Орталық жұмысы жыл өткен сайын қарышты даму үстінде және креативті зерттеу күштерінің орталығы ретінде елде және әлемде танымал ғылыми-зерттеу орталықтарының біріне айналды.

Сөз соңында, Конституция күні мемлекеттік деңгейдегі мереке екенін атап өткім келеді.

Біз, қазақстандықтар үшін бұл мереке Қазақстанның демократиялық таңдауының Тарихи дұрыстығын, қазақстандық мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын сезінуді, барлық қазақстандықтардың мемлекеттік тетіктерді жетілдіруге қатысуының маңыздылығын тағы бір рет растау болып табылады.

Негізгі заң - қоғамымыздың тұрақтылығының кепілі.

Болат СӘРСЕНБАЕВ

«Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы

Соңғы жаңалықтар