Болат қылыш ұстаған бабаларымыз металлургия өнерін білгендігі ақиқат - Қойлыбай Асанұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы көкірегі ояу, көзі ашық кез келген адамды бей-жай қалдырмасы анық, - дейді филология ғылымдарының докторы, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ профессоры Қойлыбай Асанұлы Мемлекет басшысының мақаласына қатысты білдірген пікірінде.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында президентіміз жас мемлекеттің аяғынан тік тұрып, қалыптасып кетуі үшін елдің әлеуметтік - тұрмыстық, саяси -экономикалық саласын басты назарда ұстағаны белгілі. Міне, содан  бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Ел еңсесін көтеріп, етек-жеңін жинап, дамыған отыз елдің қатарында болу сияқты асыл мұраттар жолына шыққан сәтінде «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеялары халқымызды рухани тұрғыдан қанаттандырып, бір серпілткені рас. «Өшкеніміз  жанып, өлгеніміз тірілгендей» ғасырлар қойнауында қалған рухани құндылықтарымызбен қайта қауыша бастадық», - дейді Қойлыбай Асанұлы.

Одан әрі профессор Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жоғарыда келтірілген ізгі мұраттарды одан сайын жандандырып, жалғастыра түсетінін есенімін білдіреді сөзсіз: «Бұл туралы президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың өзіде  қортынды сөзінде жақсы айтып өткен: «Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты. Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын. «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту - еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы».

Қойлыбай Асанұлының сөзінше, мақаланың құндылығы - ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт өлшеміндегі адамзаттық өркениеттің алғашқы бастауларын біз мекен етіп отырған Ұлы дала топырағымен байланыстыра қарауы. Елбасымыз саралап берген ұлы даланың жеті қыры, көшпелі дала өркениетін дөп басып, саралап берген. Салт атқа мінген дала перзенті құсбегілік, аңшылық саяткерлігімен ғана емес, сондай-ақ, оның қара жердің қазынасын да тани білген қасиеті, ілім-білімнен хабары мол болғанын меңзейді. Үстіне алтыннан сауыт киген, қолына болаттан қылыш ұстаған бабаларымыз ежелгі металлургия өнерін білгендігі ақиқат.

Әсіресе, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мына бір пікірлері мақаланың мазмұнын ғана емес, мақсатынан да біршама хабардар етіп тұрғандай: «Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.»

«Әрине, бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқығандағы алғашқы әсеріміз. Мақаланың өзектілігі, рухани қажеттілігі әр адамның санасына ой салары сөзсіз», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар