Болат Бақауов «Сарыарқа» газ құбырын Баянауылға дейін тартуды ұсынды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Облыс әкімінің пікірінше, бұл жылу энергиясы тапшылығы мен экология мәселелерін шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында өткен қорытынды кеңес барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек өңірдегі инженерлік желілердің тозғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, облыс бойынша бұл көрсеткіш 59%. «2020 жылы 75 шақырым электр сымдары, 21 шақырым жылумен қамту, 49 шақырым сумен қамту және 37,6 шақырым кәріз желілерінің жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Әрине, бұл жағдайды айтарлықтай жақсарта алмайды. Десек те, бірте-бірте желілерді жаңартып келеміз»,- деді Ұлан Жазылбек.

Сонымен бірге, облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, ЖЭЦ-1 тозығы жеткенін ескерсек, балама жылу көздерін іздей бастау керек. Өңір басшысы Болат Бақауов осы мәселені стратегиялық тұрғыдан шешу қажеттігін атады.

«Елбасы «Сарыарқа» жобасын ұсынғанда газ құбырын әрі қарай Петропавл мен Павлодарға дейін тартуды тапсырған болатын. Газ Қарағандыға жетті. Ендігі уақытта оның Қарағандыдан Баянауылға тартылғаны үшін еңбектенуіміз керек. Әрі қарай оны Майқайың арқылы Екібастұз бен Павлодарға тарту қажет. Осы арқылы жылу энергиясы тапшылығы мен экология мәселесі шешілмек», - дейді Болат Бақауов. Өңір басшысы орынбасарларына осы мәселені жіті зерттеп, құзырлы министрлікпен шешу мүмкіндіктерін іздеуді тапсырды.
Соңғы жаңалықтар