Болат Бақауов: Мал шаруашылығында жақсы жетістіктерге жеттік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мал шаруашылығын кешенді қолдау шаралары оңтайлы көрсеткіштерге жол ашып отыр.

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен ет және сүт өнімдерін өндіруді, экспорттауды дамыту тақырыбындағы парламенттік тыңдауда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Етті мал шаруашылығы саласында салалық пирамидалық құрылымды құрдық, яғни отбасылық фермалар желісін, бірнеше ірі бордақылау алаңдарын, етті тереңдетіп өңдеу жұмысын жолға қойдық. Етке негізделген мал шаруашылығы бағытында 13 мың бас малды қамтитын 10 бордақылау алаңы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар биыл 10 мың бас малға арналған екі инвестициялық жобаны іске асыру басталады. Бұл өз кезегінде облыста өнеркәсіптік бордақылау алаңдарына деген сұранысты толықтай жабады», - деді өңір әкімі.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр өңірде 41 ветеринарлық бекет салынып, осы орайда облыстағы ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда.

«Қазір бізде 28 ірі және орта тауарлық сүт фермасы жұмыс істеп жатыр. Ағымдағы жылы тағы да 6 сүт-тауарлық фермасы салынып, кеңейтіледі. Жалпы, мал шаруашылығын кешенді қолдау шаралары оңтайлы көрсеткіштерді байқатып отыр», - деді Б. Бақауов.

Оның айтуынша, 2019 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 9,5 пайызға өсіп, 16,4 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар ол бүгінде Павлодар облысында өндірілген сары май Ресей нарығында сұранысқа ие екенін жеткізді.

Облыста ет экспорты бойынша жоспар асыра орындалғанына тоқталған әкім, биыл бұл көлемді екі есеге арттыру көзделгенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар