Болат Ақшолақов газ қостырудың қымбаттығын мойындады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Газға қосылу құнын төмендетуге бағытталған бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымен де, бірқатар өңірде газға қосылу құнының жоғары екендігі байқалады. Қазіргі уақытта Қазақгаз бен ергілікті әкімдіктер бірлесіп, бұл мәселені қарастырып жатыр, қосылу құнын төмендетуге қатысты бірнеше ұсыныс бар. Бүгін Алматы облысының әкімі жүргізілген іс-шаралардың арқасында қосылу құнын екі есеге төмендетуге мүмкіндік болғанын айтты. Өйткені, шындығында да құны өте жоғары. Қазір оны қалай төмендету керектігіне қатысты нұсқаларды қарастырып жатырмыз», - деді Болат Ақшолақов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Министр газға қосылу құнының қаншалық төмендеуі мүмкін екендігін болжау қиын екендігін айтады. Өйткені, жабдықтардың бірнеше түрі бар.

«Газды үйге дейін жеткізу қажет. Одан кейін есептеу жүйесі, қазандық қажет. Бұл орайда жабдықтардың құнын ескерген жөн. Себебі олар әзірше өзімізде шығарылмайды. Оларды сырттан әкелеміз. Егер жапай газдандыру бағдарламасын қолға алсақ, онда ол материалдарды өзімізде өндіру жағын ойластыру қажет», - деді ол.

Оның атап өтуінше, биыл елімізді газдандыру деңгейін 60 пайызға жеткізу қажет. Ал оған қажетті қаражатты есептеу керек. Жалпы биыл газдандыру жұмыстарына 73 млрд теңге көзделіп отыр.

«Бұл магистралды газ құбырына жұмсалатын шығын мөлшері. Біз газбен жабдықтауға қосылған азаматтардың санын 11,6-11,7 млн адамға жеткізуіміз керек», - деді министр.

Фото: varva-slovo.com.ua


Соңғы жаңалықтар