НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі қазақстандық саяси қайраткер және бизнесмен Болат Әбілов Bizdin Tandau партиясын құратынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Bizdin Tandau атты жаңа саяси партия құратынымызды мәлімдейміз. Бұл - біздің демократия, бостандық, әділет үшін жасаған таңдауымыз», - деді ол баспасөз мәслихатында.
Бұл ұйым ҚР Конституциясына өзгерістерді және суперпрезиденттік басқару нысанынан парламенттік басқару нысанына көшуді қолдайды.
Сондай-ақ, жаңа партия Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтан (ЕАЭО) және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан (ҰҚШҰ) шығуын және «Самұрық-Қазына» қорын жоюды ұсынып отыр.
Бұған дейін хабарланғандай, қазіргі уақытта Қазақстанда төрт жаңа саяси партияның құжаттары қаралып жатыр.
2019 жылдан бері саяси партияны тіркеуге 10 бастамашыл топ өз құжаттарын тапсырды.
Олар – « Халық дербесті», «Ел тірегі», «Намыс», «Бәйтерек».
Осыдан бір ай бұрын Қазақстан құрылысшылар одағы «Еңбек» партиясын құратынын жариялаған еді.