Болашақтың дәрігер-түлектері ауылдық ауруханаларда ота жасап жүр
2022 жылғы 17 маусым 14:14

Болашақтың дәрігер-түлектері ауылдық ауруханаларда ота жасап жүр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері ауылдық ауруханаларда заманауи әдістермен оталар жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметінше, жетекші шетелдік медициналық жоғары оқу орындарда тағылымдамадан өткен мамандар заманауи технологияларды пайдаланып, күрделі кардио және нейрохирургиялық оталар жасайды. «Болашақтық» дәрігер түлектер еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде ауылдық аймақтарда да жұмыс істейді. Мәселен, оташы-дәрігер Марат Бердімұратов Оңтүстік Кореяда ғылыми тағылымдамадан өтіп, Ақмола облысындағы Ақкөл аудандық ауруханасына оралды. Ол шетелде алған білімі арқасында лапароскопия әдісін пайдаланып, заманауи хирургиялық операциялар жасап жүр.

«Ота жасаудың заманауи әдісінің бірқатар артықшылығы бар, ол – операциядан соң асқынудың мейлінше азайтылған тәуекелі және жарақат алудың төмен деңгейі. Бұрын осындай оталар облыс орталықтарында жасалатын. Қазір аудандық ауруханамызда жылына 150-ден астам оталар жасаймыз», - деп атап өтті маман.

Онколог Бағдат Нұрмағанбетов те Израильде бір жылдық тағылымдамадан өткен, қазір Қарағанды облысының Ақтоғай аудандық ауруханасында еңбек етеді. Бағдат онкологиялық аурулардың алдын алуды, ісіктерді алып тастаудың миниинвазивтік хирургиялық оталарын, химиотерапиялық емдеу шараларын жүзеге асырады.

«Миниинвазивті оталар шағын тесіктер арқылы жасалады және соның арқасында науқас тезірек қалпына келеді. Бұл асқынудың даму қаупін айтарлықтай төмендетеді. Оқу барысында мен әртүрлі елдерден келген әріптестеріммен таныстым. Олармен әлі де байланысып, пайдалы кеңестермен бөлісіп отырамыз», - деп әңгімеледі Бағдат Нұрмағанбетов.

«Болашақ» бағдарламасымен денсаулық сақтау саласында 800-ден астам маман даярланды. Олардың басым көпшілігі – тәжірибелік дәрігерлер. Жалпы, бағдарлама жүзеге асырылған 28 жыл ішінде 11 мыңнан астам маман дайындалды.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT