«Болашақты» бітірген 47 қазақстандық шетелде қалып қойды

None
None
АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат -Бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасын бітірген 47 қазақстандық шетелде қалып қойған. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде Қазақстанның мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру мәселесіне арналған дөңгелек үстелде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек осылай мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асқалы бері 9 мың 250 стипендия тағайындалған. Соның ішінде 47 қазақстандық шетелде қалып қойды. Бұл барлық «болашақтықтардың» 1 пайызынан төмен көрсеткіш.

«Біз «Болашақ» бағдарламасын бітірген студенттерді олар білім алып елге оралғаннан кейінгі қызметіне 5 жыл бойы мониторинг жүргіземіз. Бұдан кейінгі кезеңде олар шетелдерге шығып қызметін жалғастыру мүмкіндігін иеленеді», - деді С. Нұрбек.

Тоқтала кететін жайт, жиын барысында депутат Дариға Назарбаева батыстық институттармен, компания өкілдерімен кездесу барысында «болашақтықтар» кездесіп тұратынын айтқан болатын. «Осы жағы өкінішті-ақ. Шетелдіктер тіпті бізге мақтанышпен айтады әрине. Бірақ, олардың елге көмектескені де абзалырақ», - деді Д. Назарбаева.

Соңғы жаңалықтар