Болашақта жеке автокөліктердің қажеті болмайды - Нобель сыйлығының лауреаты

None
None
АСТАНА.  ҚазАқпарат - Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг (Rae Kwon Chung) ҚазАқпарат тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында баламалы энергия көздерінің не себепті қазбалы отыннан арзандай түскені, жеке автокөліктен неге бас тарту қажеттігі және Қазақстанның таза көздерден алынған электр энергиясын шетелге қалай сататыны туралы әңгімелеп берді.

- Көпшілігін алаңдататын бір сұрақ: жаңартылатын көздерден алынған энергия қазбалы отыннан қашан арзандайды? Әзірге мүлдем кереғар көрініске куә болып отырмыз.

- Шын мәнінде қазбалы отын түрлері мен жаңартылатын энергия көздері құнының айырмашылығы азайып келеді. Кей мемлекеттерде баламалы энергия көздері арзандай түсті. Мәселен, Әбу-Дабиде ірі күн фермасы өндіретін электр энергиясының құны электр стансасында өндірілген қуаттан арзан екені анықталды. Электр стансасындағы өтінім берілген құн - 1 кВт/сағ үшін 5 цент болса, Әбу-Дабидегі күн қуаты 4-тен 5 центке дейін бағаланған.

Орташа алғанда, егер станса көлемі кішігірім және жер теліміне кеткен шығын жоғары болса, сәйкесінше баға да қымбат болады. Яғни, жаңартылатын көздер энергиясының құны орналасқан жер мен ауқымдылыққа тікелей байланысты. Менің ойымша, тең жағдайда бәсекеге түсу үшін әлі 5-6 жыл керек. Оңтүстік Корея сынды бірқатар елдерде жер қымбат. Осыған қатысты, кең ауқымда күн фермасын немесе жер-энергиялық парк құру өте қиын. Бірақ, Қазақстанның үлкен жер аумағы бар, сондықтан да жаңартылатын көздер энегиясы өте арзан (су тегін деуге де болады) және бәсекеге қабілетті болуы тиіс.

- Баламалы көздерге ауысу үшін қалаларды қалай салған жөн?

- Қазіргі жаңа үлкен қалалар Лос-Анджелес секілді америкалық қалаларды көшіріп жатыр. Американың үлкен қалаларындағы жоспарлау адамдар жаяу емес, автокөлікпен қозғалатын тұжырымдамаға негізделеді. Бірақ, менің пікірімше, қалада тұрғындардың жаяу жүруіне басымдық берген жөн. Бұл мен үшін өте маңызды, себебі, қалалар сансыз көп энергия тұтынады. Оны көлік кептелісінде босқа шығындайды. Шын мәнінде, жол кептелісі ақшаны бос рәсуалайды және ауаны ластайды.  Мұны мүмкіндігінше азайтқан жөн.

Осыған орай, көлік жүйесінің тұрақтылығы аса маңызды, бірақ бізге қалаларды жоспарлау тәсілін өзгерту қажет. Мұнда Бразилияның Куритиба (Curitiba) қаласының о баста жеке автокөлік санын азайту мақсатымен салынуы бізге үлгі бола алады. Қала дөңгелек пішінде жобаланды және қоғамдық көлік қозғалысына арнайы жолақтар берілді. Сондықтан да, тұрғындарға жеке көлікпен жүрудің қажеті жоқ, барлығы қала орталығына автобуспен жетеді. Бізге де осындай тұрақты қала тұжырымдамасын құру керек.

Қазір көптеген адамдар «ақылды қала» жөнінде айтып жүр, бұл үшін айтарлықтай цифрландыру қажет. Бұл өз кезегінде энергияны көптеп тұтынуға әкеп соғады. Цифрландыру көлік кептелісі, ауаның ластануы мәселелерін де шешпейді. Сондықтан, қаланы америкалық емес, еуропалық үлгіге сүйеніп тұрғызған жөн. Мәселен, ертеректе Еуропадағы өте жіңішке жолдар тек жаяу жүргіншілер үшін жасалды. Қазір де кішігірім еуропалық қалаға барсаңыз, автокөлік жүре алмайтын жіңішке көшелерді көресіз. Онда ауаның ластануы мәселесі жоқ, адамдар емін-еркін қыдырып жүр.  Енді тұрғызылып келе жатқан қалаларда мұны да ескерген жөн.

Ал бой көтерген, қалыптасып үлгерген  қаланың қоғамдық көлік жүйесін жақсартуға көңіл бөлу керек деп ойлаймын.  Сонымен бірге, ғимараттың энергиялық тиімділігін көтеруге назар аударған жөн. Әрине, қалада ғимарат көп, бірақ олар энергиялық тиімділігімен ерекшеленуі тиіс. Жылуды сақтайтын ғимараттар көп мөлшердегі энергияны үнемдей алады. Еуропаның көптеген қалаларындағы ғимараттар жылуды жақсы сақтайды. Германия мен Данияда жылуды сақтау мықтап қолға алынған және олар болмашы мөлшерде ғана энергия тұтынады.  Сәйкесінше, ғимараттар жылуды ұстап тұра алмаса, энергияны да көбірек тұтынуға тура келеді. Одан бөлек, қалдықтарды азайтып, қоқыс өңдеу процесін дамыту керек. Бұл да өзекті мәселелердің бірі.

Менің «Алмалы қала» тұжырымдамама сәйкес, экологиялық қала дегеніміз - адамдар жаяу және велосипедпен жүретін қала. Осылайша, жеке автокөлік біздің қарсыласымызға айналады. Мен атвокөлік жүргізбеймін. Жақын арада олардан бас тартамыз. Копенгаген, Амстердам, Турин секілді велосипедпен ғана жүретіндей, адамдардың жеке автокөлікке қажеттілігі туындамайтындай қала салуымыз керек.

- Қалай ойлайсыз, Астананы «ақылды қалалар» санатына жатқызуға бола ма?

- Егер цифрландыруға көп күш салсаңыздар, бұған қол жеткізе аласыздар. Бірақ, «ақылды қала» қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ете алмайды. Тұрақты дамитын қала энергия тиімділігін жақсарту, баламалы энергия көздерін пайдалану және қоқысты азайту сипаттарына ие.

- Қазақстан 2030 жылға дейін таза энергия үлесін 30% дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл көрсеткішке жету мүмкін бе?

- Қазақстан өр мақсат қойып отыр деп есептеймін. Экономикалық даму деңгейі қатар елдермен салыстырғанда, әрине, сүйсінерлік қадам. Оны жүзеге асыру мемлекеттік саясатқа және биліктің мақсатты күш-жігеріне тікелей байланысты.

Астанаға әр келген сайын осыдан 20 жыл бұрын әсем қаланың тұрғызылатынына ешкімнің сенбегенін айтып жүремін. Мұны «ақылға қонбайтын бастама» деп ойлаған шығарсыздар. Бірақ, міне, Астана - ғажайып қалаға айналды. «Жасыл экономика» мен «жасыл энергия» да сол секілді. Барлығы, сіздердің болашақты қалай көретіндеріңізге байланысты. Кеше Apple компаниясының құрылтайшыларының бірі Стив Возняк ең басты нәрсе технология емес, ең бастысы - ынталандыру деген еді. Өзге тілмен айтқанда, ынталандыру арман мен өр мақсатты білдіреді. Егер бір нәрсені қатты қаласаңыз, міндетті түрде орындалады. Астана да бір кездері сіздерге арман болған еді.

Баламалы энергия көздері саласында Қазақстанда табысқа жетудің барлық құралдары бар.  Қазақстанның жер аумағы үлкен, бұл үлкен басымдықтар береді. Қазақстан баламалы энергияны экспорттай алады. Мәселен, Моңғолияның да бос жатқан жері көп, олар да күн мен жел энергиясын Қытайға, Жапонияға, Кореяға экспорттауды жоспарлап отыр. Қазақстанды да Моңғолиядан кем түседі деп ойламаймын, сеебі Қазақстанның инфрақұрылымы, технологиялары және өнеркәсібі жақсы дамыған. Сондықтан, Қазақстан жаңартылатын энергияны әлем нарығына экспорттауда үлкен табыстарға жете алады. 

- Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Рае Квон Чунг - Incheon университетінің профессоры. БҰҰ Бас хатшылығы жанындағы су мәселелері және дүлей апатттар бойынша жоғары деңгейдегі көшбасшылар мен сарапшылар тобы төрағасының кеңесшісі, климаттың өзгеруі бойынша Корея Республикасында елші болған.  Қоршаған ортаны қорғау бойынша ЭСКАТО директоры ретінде «Жасыл даму» - тұрақты даму стратегиясының тұжырымдамасын әзірлеген. 2007 жылы климатты сақтауға қосқан үлесі үшін  әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты атанған.

Соңғы жаңалықтар