Болашақта балалар 65% еңбек нарығында жоқ жаңа жұмыспен айналысады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек ресурстарын дамыту орталығы цифрландырудың ықпалы мен жұмыскерлерге еңбек нарығында сұранысқа ие болуы үшін бірқатар ұсыным әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, цифрландыру жұмыскерлердің құзыретіне жаңа талаптар қойып, қолданыстағы жұмыс орындарын өзгертті, нәтижесінде олардың кәсіби дағдыларында олқылықтар болуы мүмкін.

Gartner мәліметтері бойынша, жұмыс күшінің 58%-ы өз жұмысын сәтті орындау үшін жаңа дағдыларды қажет етеді. Бұл зерттеу 2017 жылғы IT, қаржы және сату саласындағы мамандарға қатысты әрбір үшінші дағды қазір ескіргенін айтуда. Бұл үрдіс Deloitte зерттеулерімен де расталады – дағдылардың орташа жарамдылық мерзімі бес жылдан аз.

Дүниежүзілік экономикалық форумның the Future Jobs баяндамасында бүгінгі таңда бастауыш мектепке баратын балалардың 65%-ы оқу кезеңі аяқталған соң, қазір еңбек нарығында жоқ мүлдем жаңа жұмыс түрлерімен айналысады деген болжам бар. Сондықтан қандай мамандықтар сұранысқа ие болады, қандай дағдылар қажет болады және болашақта бізді қандай «күтпеген жағдаяттар» болады деген болжамдар жасау қиын.

Coursera халықаралық білім беру алаңының «Тhe job Skills of 2023» есебінде бүкіл әлем бойынша Coursera платформасының 4 миллион корпоративтік пайдаланушылары арасында қандай дағдылар ең жылдам дамып жатқаны көрсетілген. 2023 жылы, Coursera мәліметтері бойынша, ең жылдам дамып келе жатқан цифрлық дағдылар – Scrum бағдарламалық жасақтамасын әзірлеу, деректерді визуализациялау, тұтынушыларды қолдау құралдары және электронды коммерция. Адамның ең жылдам дамып келе жатқан дағдылары – әңгімелеу, өзгерістерді басқару, ұйымдық даму және ықпал ету.

Электронды еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарын талдау көрсеткендей, жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші тарапынан «жақсы жұмыскер» моделіне жауапкершілік, дербестік, бейімделу, командада жұмыс істей білу, ынтымақтастық және өзара іс-қимыл, ұқыптылық, стресске төзімділік, тез шешім қабылдау, ұқыптылық және жүйелі ойлау сияқты дағдылар енгізілген. Бұл ретте мына дағдылардың артқанын атап өту қажет: ойлау икемділігі, сыни тұрғыдан ойлау, көп тапсырма, жобалық ойлау және уақытты басқару.

Қазіргідей өзгермелі әлемде өмір бойы білім алу, когнитивті және әлеуметтік мінез дағдыларымен үйлесетін кәсіби және цифрлық дағдыларды дамыту өте маңызды. Онлайн оқыту кәсіби дамудың маңызды элементіне айналады. Бұл уақыт пен орынға ғана байланысты болмай, өз дағдыларын қысқа мерзімде жақсартуға мүмкіндік береді.

Оқытудың осындай қолжетімді форматын іске асыру мақсатында 2021 жылдың шілдесінде жұмыспен қамтудың цифрлық экожүйесінің бөлігі ретінде онлайн режимінде skills еnbek кәсіптік оқыту платформасы құрылған. Skills еnbek платформасы оқуға ниет білдірген барлық азаматар үшін қол жетімді, онда 110 мамандық бойынша 160-тан астам курс бар, ал 106 курсты тегін оқуға болады. Ұсынылған онлайн курстардың жетекші бағыттары – HR және хатшылық, ауыл шаруашылығы, тұру және тамақтану, қаржы және бухгалтерлік есеп дағдыларын дамыту бойынша оқыту болып отыр. Жыл сайын курстардың мазмұны әр мамандық үшін маңызды «икемді» дағдыларға баса назар аударады.

Платформа іске қосылған сәттен бастап онда 191,4 мың қазақстандық тіркелді, 152,4 мың адам курстардан өткені туралы сертификат алды, оның ішінде 28,9 мың жұмыссыз. Платформада білім алушылардың орташа жасы 44 жасты, ең кіші «студент» – 15 жасты, ең үлкені – 82 жасты көрсеткен.

Сондай-ақ, болашақтың дағдылары мен skills еnbek платформасы туралы толық ақпаратты «Қазақстанның еңбек нарығы: цифрлық шындыққа қарай» ұлттық баяндамасынан табуға болады.


Соңғы жаңалықтар