Болашақта ақын болғым келеді - Қадырдың 400-ден астам өлеңін жаттаған оқушы

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Болашақта ақын болғым келеді. Бұл туралы ІІ республикалық Қадыр оқуларының жеңімпазы, Сырым ауданы Қ.Мырзалиев атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Темірлан Маратов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлидің туған жері - Сырым ауданында осымен екінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі байқауға республика өңірлері мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан барлығы 38 оқушы қатысып, бақ сынады.

Сырымдық оқушы Т.Маратов «Сөздің бәрі құдіретті...» атты ақын шығармаларын жатқа оқудан бас жүлдеге ие болды. Қазылар алқасының мүшесі, ардагер-ұстаз Өтебай Құспановтың сөзіне қарағанда, жыл санап аясы кеңіп келе жатқан байқаудың биылғы жаңалығы дәл осы Темірлан болды.

Темірлан Қадыр бабасының 401 өлеңіне қоса «Қызыл кітап» поэмасын түгел жаттап алған екен. Мұны рекордтық нәтиже деуге болады.

Өзінің айтуынша, ақын өлеңдерін 2-сыныптан бастап жаттап келеді екен.

«Бірінші сыныптан оқу озатымын. Мені осы өнерге бастапқыда баулыған алғашқы мұғалімім мектептегі үлгілі ұстаздың бірі Қараша Амангелдіқызы Надирова еді. Қазір қазақ тілі мен әдебиетінен жоғары санатты ұстаз Самал Тауфиққызы Батырова тәлім беріп келеді. Менің мақсатым - алдағы жылдары батырлар жырын жатқа айтудан жарыстарға қатысу. Ал өскенде ақын, жазушы болғым келеді. Әр нәрсенің қайырымы бар, төрт жылғы еңбегімнің жемісін көріп жатырмын», деді ҚазАқпарат тілшісіне Темірлан Маратов.

null Қадыр өлеңдерін жатқа оқудан сондай-ақ Алматы облысы Өскелді ауданынан келген Гауһар Тұрғанбай бірінші, Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Үлгілі орта мектебінен Данияр Тұрлыбек пен БҚО Жаңақала ауданы Ә.Жангелдин атындағы мектептен Мерхат Назимов екінші, Нұр-Сұлтан қаласы №61 мектебінен Дана Абзалқызы мен Қызылорда облысы Шиелі ауданы №44 мектебінен Бекзатхан Махамбет үшінші орыннан көрінді.

«Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда...» атты ақынның сөзіне жазылған әндерді орындау бөлімінде Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы №9 мектептен келген жас әнші Жомарт Маратов бас жүлдені жеңіп алды. Елордалық №69 мектеп-гимназиясынан Ақжол Сабиғат бірінші, Атырау облысы И.Тайманов атындағы мектептен Аманбек Қапсалимов, Түркістан облысы Ордабасы ауданынан Нұрқожа Сағатхан екінші, Алматы қаласы Алатау ауданы №182 мектептен Бақтияр Зейнелхан, БҚО Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған мектебінен Жасмин Жеңіс үшінші жүлдеге ие болды.

null «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін...» атты Қадырға арналған шығармаларын оқу сайысында Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің оқушысы Ақгүлім Ерболова үздік шықты. Елордалық Қажымұрат Табысбек бірінші, Алматы облысы Панфилов ауданынан Алуа Асқар мен қызылордалық Жанель Жайық екінші, жаңаөзендік Әсел Рымбаева мен Жамбыл облысы Жамбыл ауданынан келген Мерейхан Райымбаев үшінші орынға лайық деп табылды.

null Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық оқушының Қадыр Мырза Әлидің 355 өлеңін жатқа оқитынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар