Болашақ заңгерлер БҚО сотының алқа отырысына қатысты

None
None
ОРАЛ. 12 сәуір. ҚазАқпарат - М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері Батыс Қазақстан облыстық соты апелляциялық сот алқасының отырыстарына қатысты.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, жұмыстың жетілдірілген әдіс-тәсілін әзірлеу және басым міндеттерді белгілеу арқылы кадрларды даярлаудың, қайта даярлаудың сапасын арттыру Қазақстан Республикасы сот оқуының 2012-2016 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асыру шеңберіндегі басты мақсаттың бірі болып табылады.  Аталған мақсатқа қол жеткізудің негізгі міндет - сот жүйесіне жоғары білікті және кәсіби кадрларды даярлайтын жетекші заң жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жасау.   Осындай мақсатпен  Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті заң факультетінің 3 курсының 30 студенті облыстық соттың апелляциялық сот алқасының отырыстарына шақырылып, болашақ заңгерлер өздерінің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алды. Студенттер сот процестерінің қалай өтетінін шынайы бақылап көрді. «Процестен соң студенттер судьялармен бірге нақты істерді талқыға салды», - деп атап көрсетті облыстық соттың оқу орталығының үйлестірушісі Гүлжамал Тайбағарова.  

Студенттердің өздері баяндағанындай, шынайы процестерге қатысу олар үшін таңдаған кәсіптеріне жасаған алғашқы қадамдары, өз-өздерін жетілдіруге және сот өндірісінің қыр-сырын ұғынуға аз да болса қолайлы мүмкіндік.

Облыстық соттың оқу орталығы бұдан былай да Қазақстандағы сот оқуының стратегиясын жүзеге асыру шеңберінде облыстың жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығын жалғастыра түспек.

Соңғы жаңалықтар