«Болашақ» түлектерінің көбі қай министрлікте жұмыс істейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әділет органдарының қызметі мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Мұрат Әбенов Әділет министрлігіндегі реформалар туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта ҚР Әділет министрлігінде қандай мамандар еңбек етеді? Атап айтар болсақ, орталық аппаратта «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген 55 маман жұмыс атқарады. Бұл - ең жоғарғы көрсеткіш. Сонымен бірге, одан бөлек 30 маман әлемнің үздік университеттерінде білім алып жатыр. Бұл қадам ағылшын тілін жетік меңгеріп, жаңа үздік технологиялармен жұмыс істей алатын кадрларды тартуға мүмкіндік береді», - деді Мұрат Әбенов ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Әділет министрлігінің алқа отырысында.

Оның айтуынша, министрлікте мамандар тегін түрде ағылшын тілін оқи алатындай жағдай жасалған.

«Қазіргі таңда Әділет министрлігі қызметкерлерінің басым көпшілігі іс жүргізу саласында еңбек етеді. Олар талдау жазбаларын даярлауда ағылшын тілін еркін қолданады», - дейді Мұрат Әбенов.

Қоғамдық кеңестің мүшесі сонымен қатар ведомство жұмысының жұмыс кестесіндегі өзгерістер туралы бірер сөз айтты.

«Сағат 18.30-да бұл министрлікте ешкімді кездестірмейсіз. Уақтылы жұмыс атқару тәртібі реттелген. Яғни, министрлік қызметкерлері өзінің отбасына жеткілікті көңіл бөле алады. Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде біз осындай бағыттағы жұмыстарды жалғастыра отырып, өз ұсыныстарымызды бере беретін боламыз», - деді Мұрат Әбенов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Әділет органдарының қызметі мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Мұрат Әбенов елімізде сот орындаушыларының жұмысы қалай реттелгенін айтып берген еді.

Соңғы жаңалықтар