Болашақ офицер гір спортынан әлем чемпионы атанды

None
Фото: ҚР Ұлттық ұланы Академиясы баспасөз қызметі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен солтүстікқазақстандық спортшы Бішкекте өткен әлем чемпионатында гір спортынан жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында 1-4 шілде аралығында гір спортынан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті (U-16; U-18). Дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам спортшы қатысты. Бұл чемпионатта еліміздің спортшылары да өнер көрсетті. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Ұлттық ұлан Академиясының 1 курс курсанты Алмас Исенов те болды.

ҚР Ұлттық ұланы Академиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, болашақ офицер спорттық шеберліктің жоғары деңгейін және жеңіске деген ерік-жігерді көрсетті. Нәтижесінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан, Беларусь, Түрікменстан және Пәкістан спортшыларын сенімді түрде жеңді.

Жарыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алмас Исенов 24 келілік екі гір тасын 132 рет көтеріп, осы салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.

Айта кету керек, бұл Алмастың халықаралық чемпионаттардағы алғашқы жеңісі емес. Ол гір спортынан республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері.

Бұған дейін петропавлдық егіз бала Рауан мен Нариман Бекімовтердің Бішкекте өткен чемпионатта грек-рим күресінен әлем чемпионы атанғанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар