Болашақ мейірбике Ақтөбенің ең сұлу аруы атанды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе медициналық колледжінің 18 жастағы студенті Эльмира Қаблай «Мисс Ақтөбе - 2018» байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбенің ең сұлу аруы таңдалды. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің Студенттер сарайына облыстағы орта арнаулы, жоғары оқу орындарының студенттері жиналды. Жанкүйерлер тобы арнайы дайындалып, үкілеп қосқан аруына қолдау білдірді. Ұйымдастырушы «San Bell» компаниясының хабарлауынша, сайыста қыздардың сұлулығы, таланты мен шеберлігі бағаланды. Фотосессия үш киім үлгісінде өтті. Арулар Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда болып, «Ақтөбе» футбол клубының киім үлгісін жарнамалады. Ал конкурс кезінде Ақтөбенің арулары алдымен ақ түсті киіммен, кейін классикалық үлгідегі киіммен және кешкі көйлекпен сахнада жүріп өтті. Әрі қызықты сұрақтарға жауап берді. Сахнада арулар өздерінің басты қарсыласын, өзіне ұнайтын түсін, сұлулық күтімін, тілегін айтып берді.

nullАйта кетейік, үш сағатқа созылған байқау кезінде «Мисс Ақтөбе - 2018» байқауында «Мисс Ақтөбе виртуал» номинациясын сымбаты мен сұлулығы жарасқан Диляра Өмірсерікова жеңіп алды. «Мисс Ақтөбе - 2018» байқауының үшінші орны Асылай Бағлановаға, екінші орыны Бану Қосаева, бірінші орыны Әсемгүл Құлмағамбетоваға бұйырды. Ал бас жүлдені Ақтөбе медициналық колледжінің 3 курс студенті Эльмира Қалбай жеңіп алды.

«Мен өзімнің жеңімпаз екенімді әлі де сезіне алмай отырмын. Себебі, дайындық кезінде сұлу да ақылды қыздардың әрқайсысы Ақтөбе аруы болуға лайықты екенін білдім. Алдымен жанымдағы құрбыларым, анам құттықтады. Жаңа мүмкіндік сыйлағаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Алдағы уақытта Қазақстан аруы байқауына қатысып, Ақтөбе намысын лайықты қорғаймын деп ойлаймын», - деді Ақтөбенің ең сұлу аруы Эльмира Қалбай «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

«Мисс Ақтөбе - 2018» байқауының жеңімпазы колледжді аяқтаған соң жоғары оқу орнына түсуді армандайды. Ол өз мамандығын жақсы көреді.

«Медицина адам өмірімен тығыз байланысты. Жауапкершілігі жоғары мамандықты өз қалауыммен таңдадым. Алдағы уақытта осы саланың білікті маманы болғым келеді», - деді Эльмира Қалбай. 

Соңғы жаңалықтар