«Болашақ» қоры балаларға арналған 35-ші фильмді қазақ тіліне дубляждады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында қазақ тілінде дубляждалған «Мулан» фильмінің премьерасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Диснейлік фильмнің алдын ала көрсетілімінде сөйлеген сөзінде «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек Елбасы ел Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, білікті де білімді жастардың қатарын арттыру, қазақ тіліндегі сапалы ақпараттық өнімдерді көбейту секілді маңызды мәселелерге ерекше назар аударып, басымдық бергеніне тоқталды.

«Ел экономикасы нығая қоймаған кездің өзінде 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасын ашып, талапты да дарынды жастардың әлемдегі үздік оқу ордаларында білім алуына жол ашты. Қазақ мектептері мен балабақшаларының санын көбейтті. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс нәтижесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейіп, мазмұндық базасы нығайып келеді. Қазіргі таңда президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған 14 мыңға жуық азамат еліміздің игілігі жолында жемісті қызмет етіп жатыр. Аталған бағдарлама түлектері құрған «Болашақ» корпоративтік қоры еліміздің зияткерлік әлеуетін көтеруді мақсат еткен түрлі жобаларды іске асыруда. Соның бірі – қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуге бағытталған «Өзіңен баста» жобасы», - деді Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, «Болашақ» корпоративтік қоры бұл жобаны 2011 жылы қолға алып, Disney киностудиясымен ынтымақтастығын бастаған болатын.

Осы жылдар ішінде қордың қолдауымен шетелдік 34 үздік фильмге дубляж жасалып, соның арқасында қазақ тілі Disney студиясының 39-шы тілі және Sony Pictures студиясының 7-ші тілі ретінде тізімге енді.

«Қордың бұл жобасына Елбасы арнайы назар аударып, қолдау білдірді. Бүгін осы жоба аясында қазақ тілінде дубляждалған Disney студиясының «Мулан» фильмі көрерменге ұсынылып отыр. Бұл – аталған қордың қазақ тіліне дубляждап, кинопрокатқа шығарған 35-ші фильмі. Яғни «болашақтықтар» қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуде мол тәжірибе жинап, үлкен белесті бағындырып отыр», - деді Бауыржан Байбек осы іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдіре отырып.

Сондай-ақ, ол осы жоба арқылы отандық кино саласы жаңа фильмдермен толығып қана қоймай, қазақ тілінде дубляждау ісі де өрістегенін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс ары қарай да жалғасын табады.


Соңғы жаңалықтар