«Болашақ» қондырғысында бүлінген құбырдың бір бөлігі шетелге сараптамаға жіберілді
2022 жылғы 14 тамыз 15:26

«Болашақ» қондырғысында бүлінген құбырдың бір бөлігі шетелге сараптамаға жіберілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысында бүлінген құбырдың бір бөлігі шетелге сараптамаға жіберілді.

Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, «Болашақ» қондырғысында «Қашаған» мұнайын экспорттауға дайындалады. Жақында бұл қондырғыдағы жарық пайда болған және істен шыққан құбырдың бір бөлігі сараптамадан өткізу үшін шетелге жіберілген.

«Бұл қондырғының құрылысы салынғаннан кейін жабдықтар ұзақ уақыт тұрып қалды. Себебі, «Болашақ» қондырғысы іске қосылмай, біраз жыл тұрды. Бұл құбырға байланысты туындаған еді. Аталған қондырғыда 2012 жылдан бері осындай проблема туындады. Бұған агрессивті орта, күкіртсутектің жоғары мөлшері әсер етті. Қазір құбырдың бұзылған бөлігі кесіліп, шетелге сараптамаға жіберілді. Біз енді құбырдағы жарықтың пайда болу себебін анықтайтын қорытындыны күтіп отырмыз», -деп мәлім етті Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы кешенді түрде тексеріледі. Бұл – шамамен 24 құбыр.

«Қондырғыдағы құбырдың барлығы тексеріледі. Содан кейін нақты шешім қабылданады. Әзірге зауыт газды алдын-ала айыратын Slug Catcher қондырғысын орнатпай, жұмыс істей алады. Қосалқы бөлшектер мен шығын материалдары бар», -деді Болат Ақшолақов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы «Болашақ» қондырығсында «Қашаған» мұнайын дайындау тоқтап тұрғанын жазған едік.

Фото: primeminister.kz





Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT