«Болашақ» бойынша тағылымдамадан өтетіндерге қойылатын талап өзгерді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Болашақ» бағадарламасымен тағылымдамадан өтетін қызметкерлердің санаттары бекітілді. Бұл туралы ҚазАқпарат Ғылым министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

2023 жылы денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм, агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлері, мектеп, колледж педагогтері, инженер-техниктер, мемлекеттік қызметішлер, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері үшін тағылымдама бағдарламасына 110 «Болашақ» стипендиясы бөлінді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ құжат қабылдауды жүргізеді.

«Биыл тағылымдамадан өтушілерге қойылатын талаптар күшейтілді. Енді олар конкурсқа қатысу үшін шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады. Бұл «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар үміткерлердің жалпы жұмыс өтілі үш жылдан кем болмауы керек. Соңғы 12 айда таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуге тиіс. Сондай-ақ қабылдаушы шетелдік ұйымнан шақыру және кемінде В1 деңгейіндегі мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы сертификат талап етіледі», - деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ләззат Әділова.

Биыл «Болашақ» бағдарламасының басым мамандықтар тізімі тағылымдамадан өтуге арналған 162 мамандықты көздейді. 2023 жылы тізімге «Бұлтты сервистер», «Ғарыш жүйелері мен инженерия», «Гидрогеология», «Прецизионды медицина», «Тестология» және т.б. сұранысқа ие мамандықтар енгізілді.

Айта кетейік, «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелге тағылымдамаға жіберілетін стипендиаттар кепілге мүлік қоймайды. Міндеттемелерді орындау үшін екі гарант ұсыну ғана жеткілікті. Соңғы 12 айда тұрақты табысы бар, жасы 50-ге толмаған ҚР азаматы үміткерге гарант бола алады.

Өтінімдер Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы қабылданады. «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысуға құжаттарды келесі сілтеме арқылы тапсыруға болады.

Еске салсақ, журналистер де «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өте алады.


Соңғы жаңалықтар