Болашақ Бетховен: Қазақстандық жас өнерпаз халықаралық байқаулардың жүлдегері

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Құлағында туа-біткен кемістігі бар 13 жасар Санжар Сағандықов фортепиано мен гитарада ойнағанда тұла бойыңыз тітіркеніп, музыка әлеміне қанат қаққандай күй кешесіз. Жас талант небәрі 6 жасында музыка мектебінің 7-ші сынып оқушыларына арналған Бетховеннің «Элизаға» шығармасын орындауды үйреніп алған.

Арнайы аппаратпен естиді

Күллі адамзатты таңдай қақтырған ұлы музыкант Людвиг ван Бетховен есту қабілетінен айырылғаннан кейін ең керемет туындыларын жарыққа шығарған. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында туған Санжар Сағандықов арнайы аппарат арқылы дауыстың 50 пайызын ғана естиді. Баланың әке-шешесі оның бұл кемістігін тек 4 жасында ғана білген.

«Санжарды дауыстап шақырғанда кей-кездері естімей қалатындығын байқадық. Әуел баста ойынның қызығына беріліп отырған болар деп топшыладық. Алайда бұл жиі қайталанатындықтан тұңғышымызды дәрігерге алып бардық», – дейді әкесі Талғат Сағандықов.

Дәрігерлер Санжардан құлақ мүкістігін анықтайды. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, бұл аурудың нақты емдік жолдары әлі күнге дейін белгісіз күйде қалып отыр.

«Есту аппаратын сатып алған соң баламыз барлық нәрсеге таңқалатын болды. Күміс қардың аяқ астындағы сықыры, нөсерлеткен жаңбырдың дауысы Санжарға ерекше әсер сыйлады. Бірде екеуіміз далада серуендеп жүргенде ол менен «Әке, бұл не дыбыс?» деп сұрады. Мен оған «жел соққандағы ағаш жапырақтарының сыбдыры ғой» деп жауап бердім. Көзі жанып таңданып тұрған ұлымды көргенде ет жүрегім елжіреп кетті», – дейді Талғат.

Уақыт өте келе Санжардың музыкаға деген әуестігі пайда болған. Балалары 6 жасқа келген соң ата-анасы оны Риддер қаласындағы музыка мектебіне береді. Бірінші сыныпқа қабылданған Санжар Сағандықов фортепианода Бетховеннің «Элизаға» шығармасын алғаш рет естігенде бірден «осы туындыны үйренгім келеді» деген.

«Осыдан кейін біз оған тиісті ноталарды шығарып бердік. Санжар өзінің күшімен 7-ші сынып оқушыларына арналған композицияны қысқа уақыт ішінде үйреніп алды. Бұны көрген ұстаздар тіпті сенер-сенбестерін білмей қалған еді», – дейді анасы Сәния.

Содан бері Санжар музыка мектебінде жүрегіне жақын туындыларды үйреніп, бойына сіңіруде. Оның әрдайым күрделі шығармаларды таңдайтыны да бар. Санжар ноталармен 10-15 минут оқып-танысады да, 10 минут ішінде композицияны түгелдей жаттап алады екен. Осыны байқаған ата-анасы балаларының тума талант екендігіне көз жеткізген.

Талай жүлде иегері

Дарынды бала гитарада да жақсы ойнайды. Екі аспаптың тілін меңгерген ол талай республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып жүр. Атап айтсақ, 2016 жылы Семей қаласында өткен Латиф Хамиди атындағы халықаралық сайыста бақ сынасқан Санжар бірінші орынды қанжығасына байлайды. 2017 жылы Барнаулда өткен музыка додасына қатысып, тұлпары озық келіп жеңімпаз атанған. Сол сайыста белгілі ресейлік музыканттар риддерлік балақайдың өнеріне оң бағасын беріпті.

«2018 жылы Риддерде қалалық таланттылар байқауы ұйымдастырылды. Соның ішінде үздік танылғандарға облыстық додаға жолдама берілген еді. Сыннан сүрінбей өткен баламыз Шығыс Қазақстанда алдына жан салмай, топ жарғаннан кейін Астана қаласында өтетін халықаралық сайысқа аттанды. Онға жуық мемлекеттен келген 400-ден астам қатысушы өнер көрсеткен бәсекеде үкілеп үміт артқан мақтанышымыз бірінші орынды иеленді. Мәпелеп өсірген балақайымыздың әрқашанда тілеуін тілеп отыратын біздің қуанышымызда шек болмады», – дейді Талғат Сағандықов.

2021 жылы Санжар Болгарияда өткен халықаралық байқауға қатысқан. Коронавирус пандемиясына байланысты онлайн форматта өткен жарыста тағы да жеңімпаз атанды.

Бүгінгі таңда Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жүрген Санжар музыка әлеміне жан-тәнімен ғашық. Бойында дарыны бар баланың мақсаты айқын, сенімі берік.


Соңғы жаңалықтар