Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

«Болашақ» бағдарламасының түлегі ауыл мектебінде ағылшын тілін үйретеді

2022 жылғы 24 сәуір 15:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасының түлегі Гүлім Батырғалиева Ақмола облысы Шортанды ауданы Шортанды №3 қазақ орта мектебінде ағылшын тілі пәнінен сабақ береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Болашақ» Халықаралық орталығының мәліметінше, қазіргі таңда Гүлім 6 сыныптағы 80-нен астам оқушыға тіл үйретеді.

«Менің ойымша, барлық балада сапалы білім алуға теңдей мүмкіндік болуы тиіс. Мақсатым – білімге деген қызығушылықты оятып, ауылда оқитын балаларға ағылшын тілінде еркін сөйлеуді үйрету», – дейді ұстаз.

Гүлім Батырғалиева 2021 жылы АҚШ-тың Джорджия университетінде «Ағылшын тілі және әлем тілдерін екінші шет тілі ретінде оқыту (TESOL and World Languages)» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдады.

2017 жылы АҚШ елшілігінің жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған Teaching Excellence and Achievement (TEA ) бағдарламасының финалисі болды.

2021 – 2022 оқу жылында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шығармашылық және ғылыми тұлғалар арасында өткен «Құлагер» облыстық конкурсына қатысып, «Үздік ғылыми-зерттеу жұмысы» аталымында жеңімпаз болды.

2021 жылы Қазақстандағы ағылшын тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға, мұғалімдердің онлайн қауымдастығын дамытуға бағытталған British Council және «Өрлеу» педагогтердің біліктілігін арттыру республикалық институтының біріккен жобасында жұмыс жасады. Осы жобадағы жұмысы бойынша 2022 жылдың мамыр айында ҚР делегациясы құрамында Ұлыбританияның Белфаст қаласында өтетін IATEFL конференциясына қатысады. IATEFL конференциясына әлемнің түкпір-түкпірінен тіл білімі, шет тілдерін оқыту саласындағы 3 мың ғалым, спикер, зерттеуші қатысады деп жоспарланған.

Қазіргі таңда Гүлім «Сауаттылықты арттыру: білім алуда қиындығы бар ағылшын тілін үйренуші оқушылармен ерте интервенция» («Improving Literacy: Early reading intervention for struggling EFL readers») тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Зерттеу жұмысының өзектілігі – педагог тарапынан оқуда қиыншылықтары бар оқушыларға ғылымға негізделген көмек көрсету, себеп салдарын анықтау, талдау, кейс-стади жүргізу. Келешекте зерттеу жұмысының нәтижесімен әріптестері, ата-аналар және әдіскерлермен бөлісуді көздеп отыр.

Сондай-ақ жас педагог өз әріптестеріне «Болашақ» бағдарламасына түсу, шетелде оқу мүмкіндіктері жайлы кеңес беріп, тәлімгерлерлік жұмысын жасап келеді.

«Қазіргі заман – мүмкіндіктер заманы. Мүмкіндікке шек жоқ. Оқимын, білемін деген адамға жол ашық. Білемін, білдім деп емес, әлі білмейтінім көп екен деп өмір сүр» - деген ұстанымын шәкірттеріне дарытуда.


Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары