«Болашақ» бағдарламасымен шетелге тағылымдамаға жіберілетін ғалымдарды іріктеу жалғасып жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде шетелге тағылымдамаға жіберілетін ғалымдарды іріктеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Жетекші мамандар мемлекет есебінен әлемнің үздік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, бірлескен ғылыми зерттеулерді жүргізе алады.

Олардың арасында АҚШ (Джордж Вашингтон, Мичиган, Вайоминг, Висконсин, Пенсильвания, Бостон, Огайо, Мидлберри халықаралық зерттеулер институты), Ұлыбритания (Лондон империялық колледжі, Ридинг университеті, Ливерпуль, Manchester Metropolitan University), Германия Федеративтік Республикасы (Гумбольдт атындағы Берлин университеті), Жапония (Токио университеті), Бельгия (KU Leuven) және т.б. университеттер бар.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын 500 отандық ғалым мемлекет есебінен білім алып, тағылымдамадан өтіп, бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізе алады. Биыл біздің ғалымдар 80 мамандық бойынша академиялық оқудан және 137 мамандық бойынша тағылымдамадан өте алады», – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Үздік шетелдік оқу орындарында «ғалымдар» санаты бойынша тағылымдамадан өтуге ниет білдірген ғалымдарды іріктеу Халықаралық бағдарламалар орталығымен жүргізіледі. Аталған санат бойынша тағылымдамадан өтуге кандидаттардың жалпы жұмыс өтілі кемінде үш жыл болуы тиіс, оның ішінде соңғы 12 ай таңдаған мамандығы бойынша. Өтініштерді қабылдау 28 қазанға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар