«Болашақ» бағдарламасымен оқуға ниетті медицина мамандарына жеңілдік жасалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға ниетті медицина мамандарына жеңілдік жасалады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болашақ» стипендиясы аясында медициналық қызметкерлерге қойылатын талаптарды жетілдіру қарастырылып отыр. Статистикаға сәйкес, кадрларды даярлаудағы негізгі мәселе – шет тілін меңгеру деңгейінің төмендігі. Денсаулық сақтау қызметкерлері үшін мүмкіндіктерді кеңейту және қызығушылығын арттыру үшін арнайы жеңілдік санатын енгізуді қарастырамыз. Оларға бір жылдық тілдік дайындықтан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін шетелдік университетке түсу мүмкіндігі беріледі», - деп тоқталды Әнуар Жанғозин.

Оның мәлімдеуінше, алдағы уақытта бағдарлама арқылы шетелде білім алуға ниетті ауылдан келген үміткерлерге де жеңілдік жасалмақ.

«Олар үшін ағылшын тілінен IELTS емтиханының көрсеткіші 6,0 балдан 5,0 балға дейін төмендетіледі. Сондай-ақ, оларға бір жылдық тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі беріледі», - деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы.

Айта кетейік, «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау 14 қазанда аяқталады. Әнуар Жанғозиннің айтуынша, бүгінге дейін түскен өтініштердің басым бөлігінде үміткерлер техникалық мамандықтарды таңдаған.

Бұдан өзге, аталған бағдарламамен шетелдік университеттерде білім алған түлектердің еңбекпен өтеу мерзімі қысқаруы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар