«Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық бағыттарға грант саны 60% дейін артады
2022 жылғы 3 наурыз 12:15

«Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық бағыттарға грант саны 60% дейін артады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарға грант саны 36%-дан 60%-ға дейін өседі. Бұл - оқытудың осы бағыттары бойынша үміткерлерді қолдаудың қосымша шараларының бірі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар, техникалық дайындық бағыттары бойынша үміткерлер үшін шет тілін меңгеруге арналған IELTS тестінің орташа балы төмендетілді.

Енді 5.0 балл жеткілікті және бір жыл тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі де қарастырылған.

Бұл шаралар техникалық мамандықтар бойынша оқыту мүмкіндігін кеңейтеді.

«ҚР БҒМ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бағдарламаны қайта бағдарлау процесін бастады. Енді инженерлік-техникалық кадрларды дайындау басымдыққа ие болмақ. Сондай-ақ «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» жеңілдетілген санатын енгізу қарастырылып жатыр. «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсыру кезінде олар міндетті түрде шетелдік университеттерге өз бетінше түспейді. Олар алдымен тіл курстарынан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама бойынша оқуға ұсынылған университеттер тізімінен оқу орнын таңдай алады», - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Әнуар Жанғозин.

Сонымен қатар ауылдық жерлерден келген үміткерлердің де мүмкіндіктерін арттыру жоспарланып отыр.

Мысалы, IELTS нәтижесімен ағылшын тілін меңгеру деңгейін 5.0 балға дейін төмендету, ауылдық жерде міндетті тұру мерзімі 3 жылдан 2 жылға дейін қысқарту жоспарда бар, оларға тілдік дайындықтан өтуге мүмкіндік беріледі.

Одан бөлек, аудандық маңызы бар қала тұрғындарын қосу арқылы ауылдық жерлерден кандидаттардың контингентін кеңейту және олардың санын ұлғайту ұсынылды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT