«Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің 236 жетекші университетінде оқуға мүмкіндік бар

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ануар Жанғозиннің пайымынша «Болашақ» бағдарламасы көптеген қазақстандық үшін әлеуметтік сатыға айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көптеген қазақстандық үшін «Болашақ» бағдарламасы әлеуметтік сатыға айналды. Өйткені стипендия иегерлеріне қойылатын талапта ешқандай әлеуметтік өлшемшарт жоқ. Бағдарламаға кез келген азамат қатыса алады. Қазірдің өзінде «Болашақ» бағдарламасының 11 мыңнан астам түлегі түрлі саланың, әлеуметтік таптың, ұлттың өкілі. Бағдарлама ел экономикасының, өмірдің түрлі саласының қажеттілігіне бағытталған. Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап елімізге экономика мен қаржы саласындағы мамандар керек болды. Нарықтық экономикаға көшуімізге байланысты заңнаманы толығымен өзгерту қажет еді. Халықаралық тәжірибесі бар жоғары санатты заңгерлер керек болды. Мемлекеттік басқару ісінде көптеген сапалы өзгерістер жүзеге асырылды. Қазіргі таңда түлектердің жартысынан көбі – экономика, қаржы, құқықтану, мемлекеттік басқару саласында жұмыс істейтіндерді көріп отырмыз. Енді экономиканы қайта форматтайтын уақыт келіп тұр», - деді Халықаралық бағдарламалар орталығының жетекшісі.

Оның айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы арқылы IT, инновация, инженерия, индустриялық технологиялар саласындағы мамандарды даярлауға баса назар аударылмақ.

«Бағдарламаны сапалы іске асыру үшін жетекші университеттермен, ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнату маңызды. Қазіргі таңда біз халықаралық рейтингтердің алғашқы тізімдеріне кіретін 236 университетпен жұмыс істейміз. Негізгі талап – үміткерді жектеші халықаралық университеттер шақыруы керек. Маңызды қағидаттардың бірі – академиялық адалдық. Сондықтан тестілеу нәтижелерін бұрмалау немесе көшіріп алу мүмкіндігін жоққа шығаратын прокторинг жүйесі жұмыс істейді. Тағы бір қағидат – бағдарлама түлектерінің ел дамуына міндетті түрде үлес қосуы шарт. Әр түлектің үш жылдан бес жылға дейін еңбекпен өтеу жөнінде міндеттемесі бар» - деді Ануар Жанғозин.


Соңғы жаңалықтар