Бокстың Олимпиададан шеттетілу ықтималдығына қатысты ҚБФ ұстанымы қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті  Данияр Әбілғазин бокстың Олимпиада ойындарынан шеттетілу ықтималдылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тимур Асқарұлы Құлыбаев Токиода Ұлттық Олимпиада комитеттері қауымдастығының Бас ассамблеясында болып қайтты. Ол Томас Бах (Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті) және Халықаралық Олимпиада комитетінің атқарушы комитетінің мүшелерімен кездесу өткізді. Олардың бәрі де әуесқой бокстың айналасында болып жатқан жағдайларға алаңдаулы. ХОК-тың резолюциясынан, AIBA-мен барлық байланысты тоқтатқанынан бәлкім қазір бәріңіз де хабардар шығарсыздар. Олар да қазір әуесқой бокс ары қарай қалай дамитынына қатысты ойлану үстінде», - дейді Данияр Әбілғазин бүгін Астанада өткен ҚБФ-ның отырысында.

Оның айтуына қарағанда, Қазақстан бокс федерациясы мен оның президенті Тимур Кулибаев дәл осы мәселенің ретке келтірілуіне атсалысуда.

«Бірқатар кеңес жұмыстарынан кейін біз бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымымызды білдіреміз. Мәселенің тезірек реттелеуін тілеп отырмыз. 2020 жылғы Олимпиада ойындарына бокстың енуіне Қазақстан да мүдделі. Тимур Асқарұлы осы жұмыс үшін бар күшін салады. Халықаралық жағдай әлі де күрделі. Ерлер және әйелдер командасының сәтсіздіктері көзге көрініп тұр», - дейді ол.

Айта кетерлігі, бұдан бұрын Халықаралық Олимпиада комитеті 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бокстан турнир өткізу бойынша жоспарлардың бәрін тоқтатқан болатын. ХОК-тың ресми хабарламасына сәйкес, мұндай шешім Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығына (AIBA) қатысты жүргізіліп жатқан тергеуге байланысты ХОК атқарушы комитеті шығарған.

Еске сала кетсек, бүгінгі жиында белгілі бизнесмен Кеңес Рақышев Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар бойынша вице-президенті болып сайланған болатын. Бокс федерациясының жаңа вице-президенті бүгін федерация жұмысының жылдық қорытындысына байланысты Астанада өткен жиында таныстырылды. Ал оған дейін аталмыш қызметті Алмасадам Сатқалиев атқарған еді.

 

Соңғы жаңалықтар