Бокстан жастар арасында Азия чемпионаты: Гүлсая Ержан алтын алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Таиланд астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық Гүлсая Ержан жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы Иордания астанасы Амманда ересектер арасында күміс жүлдеге қол созған Гүлсая Ержан 81 келіге дейінгі салмақта финалда шаршы алаңның иесі, таиландтық Порниппа Чутимен рингке шықты.

Төрешілер бірінші раундта жергілікті боксшы басым деп тапқанымен, екінші кезеңде Гүлсая таразы басын өзіне аударды. Қорытынды есеп – 3:2, Гүлсая Ержанның пайдасында.

Осылайша, Қазақстан қыздар құрамасы Азия біріншілігінде 2 алтын, 7 қола медальді жеңіп алды.

Бұдан бұрын Жасмин Қизатова (70 кг) чемпион атанса, Мөлдір Тойкова (50 кг), Әнел Сақыш (54 кг), Виктория Графеева (57 кг), Шахназ Исаева (60 кг), Назерке Серік (63 кг), Ақнар Ищанова (66 кг) және Дана Дидай (75 кг) қола жүлдеге ие болған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында тағы үш боксшының финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ қазақстандық екі боксшы қыз Азия чемпионатының финалына шықты.

Бокстан жастар арасында Азия чемпионатында қазақстандық спортшы жеңімпаз атанды.


Фото: sports.kz


Соңғы жаңалықтар