Бокстан ұлттық құраманың мемлекеттік жаттықтырушысы тағайындалды
2022 жылғы 1 наурыз 21:30

Бокстан ұлттық құраманың мемлекеттік жаттықтырушысы тағайындалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан 2013 жылғы әлем чемпионы атанған Мерей Ақшалов бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бокс федерациясына сілтеме жасап.

«ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен 2013 жылғы әлем чемпионы Мерей Ақшалов бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы лауазымына тағайындалды», -делінген хабарламада.

Мерей Төлегенұлы 1988 жылы 8 мамырда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Экономика, құқықтану, дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша бірқатар жоғары оқу орындарында білім алған.

Спорттық мансабында бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 2013 жылғы әлем және Азия чемпионаттарының алтын жүлде иегері атанған.

Сондай-ақ Бейжің-2008 Олимпиада ойындарының қатысушысы.

Айта кетейік, Мерей Ақшалов спорттағы карьерасын 2014 жылы денсаулығына байланысты аяқтаған болатын.

2021 жылдың мамыр айында ол Ақмола облысы Шортанды ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған болатын.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT