Бокстан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова Алматыға оралды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін - 27 тамызға қараған түні сағат 0:48-де бокстан 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған 27 жастағы Дариға Шәкімова мен оның бапкері Вадим Присяжнюк Алматыға оралды.

Оңтүстік астананың Халықаралық әуежайының VIP-терминалының алдында Дариғаны туған-туыстары, Алматы қалалық Дене шынықтыру және спорт, Жастар саясаты, Ішкі саясат басқармаларының өкілдері, Жоғары спорттық шеберлік мектебі, №10-шы бокс мектебінің бапкерлері мен тәрбиеленушілері -

барлығы 100-ден астам адам зор қуанышпен қарсы алды.

Қолдарына транспаранттар мен Ту ұстаған жүздеген жастар Дариға VIP-терминалдан көрінген сәтте «Дариға - чемпион», «Алға Қазақстан» деп ұрандатты.

«Отанымызға аман-есен келіп жеткенімізге қуаныштымын. Бізге қолдау көрсеткендеріңізге, түнгі уақыт болса да күтіп алғандарыңыз үшін барлықтарыңызға шын жүректен алғысымды білдіремін. Біз, спортшылар үшін Қазақстанның абыройын асқақтатып, көк Туын көкке көтеру - үлкен мәртебе. Мен өзім еліміздің көк Туын көтергеніме аса қуаныштымын. Одан да жоғары көтеруге аздап тәжірибе, тактикалық шеберлік жетіспеді. Бірақ, Алла жазса, алдағы Токио Олимпиадасында алтын болады»,- деді Д. Шәкімова.

Сонымен қатар, ол медалін Рио Олимпиадасы алдында көз жұмған досына арнайтындығын айтты.

«Мен бұл медалімді осы Рио Олимпиадасы алдында көз жұмған досым Азамат Нұрпейісовке бағыштаймын. Ол да біз секілді спортшы болатын», - деді Д. Шәкімова.

Дариға Шәкімова Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI жазғы Олимпиадасында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Барлығы шаршы алаңға үш рет шықты - 1/8 финалда канадалық Ариан Фортинді 2 : 1 есебімен, 1/4 финалда мароккалық Хаджиджа Мардиді 3:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда Әлем чемпионы, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Кларисса Шилдске (АҚШ ) есе жіберіп, алды. Сөйтіп, қола медальді қанағат тұтты.

Айта кетелік, Рио Олимпиадасына Қазақстаннан 104 спортшы 26 спорт түрінен өнер көрсетті. Қазақстандық атлеттердің қоржынына 6 спорт түрі бойынша барлығы 17 медаль түсті: 3 алтын, 5 күміс және 9 қола. Осылайша, 1996 жылғы Атланта Олимпиадасынан бері тәуелсіз Қазақстанда Олимпиада чемпиондарының саны - 19-ға жетті.

Соңғы жаңалықтар