Бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирі: Бүгін шаршы алаңға кімдер шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиалық іріктеу турнирінде ерлер арасында үш қазақстандық сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтар болсақ, күндізгі сессияда 63 келі салмақта ел намысын қорғайтын Зәкір Сафиуллин және 81 келі салмақта сынға түсетін Бекзад Нұрдәулетов шаршы алаңға шығады. Ал кешкі сессияда 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл Олимпиада жолдамасына таласты бастайды.

Күндізгі сессия Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 15:00-де, кешкі сессия 21:00-де басталады.

Зәкір Сафиуллин қытайлық Жанг Шанмен кездессе, 81 келідегі Бекзад Нұрдәулетов Жаңа Зеландия өкілі Жером Помпеллонеге қарсы шығады. Ал Әбілхан Аманқұл Оңтүстік Корея өкілі Ким Жинжиямен кездеседі.

Естеріңізге сала кетейік, кеше әйелдер боксынан шаршы алаңға шыққан қазақстандық екі спортшы қарсыластарына жол беріп, жолдамадан тыс қалды.

Турнирде Олимпиада ойындарына барлығы 63 лицензия үлестіріледі.

Қазақстан құрамасы сапынан Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің іріктеу турниріне ерлерден 8 салмақ, әйелдерден 5 салмақ санатында жалпы 13 боксшы сынға түседі. Атап айтқанда, ерлерден 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов, 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин сынға түссе, қазақтың «салмағы» атанып кеткен 69 келіде Абылайхан Жүсіпов ел намысын қорғайды. Ал 75 келі салмақ санатында Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Бекзад Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит Олимпиада жолдамасына таласады.

Әйелдер боксынан 51 келіде Ангелина Лукас, 57 келіде Дәметкен Келімбет шаршы алаңға шығады. 60 келі салмақта Римма Волосенко, 69 келіде Валентина Хальзова сынға түссе, 75 келі салмақта Надежда Рябец жұдырықтасады.


Соңғы жаңалықтар