Бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионаты қашан және қайда өтеді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионатының қашан және қайда өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Бокс федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлем чемпионаты Үндістанның Нью-Дели қаласында өтеді. Аталған әлем біріншілігі 13-25 қараша аралығына жоспарланған.

Бокстан қыздар арасындағы ең алғашқы Әлем біріншілігі 2001 жылы АҚШ мемлекетінің Пенсильвания штатында орналасқан Скрэнтон қаласында өткен болатын. Ал биыл байрақты бәсеке оныншы мәрте жалауын көтереді. 

Осыған дейін нәзік жандар арасындағы дүниежүзілік жарыстардың көбі Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттерінде өтті. Атап айтсақ, Циньхуандао (Қытай), Чеджу (Оңтүстік Корея), сонымен қатар, 2016 жылы елордамыз Астана қаласында да ұйымдастырылды. Үнді елі болса бұл сайысты осымен екінші рет қабылдап отыр (бірінші рет 2006 жылы дәл осы Нью-Делиде болған).

Ал соңғы рет 2016 жылы біздің елде болған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жасындай жарқылдап, аруларымыз нағыз ерлік көрсеткен еді. Атап айтсақ, Назым Қызайбай (48 келі), Дина Жоламан (54 келі), Валентина Хальзова (69 келі) мен Ләззат Күнгейбаева (81+ келі) алтыннан алқа тағынып, Жайна Шекербекова (51 келі) мен Айжан Ходжабекова (57 келі) қола медальға қол жеткізген еді. Сондай-ақ, Қытай, АҚШ, Франция мен Ұлыбритания елінің саңлақтары да жоғары нәтиже көрсеткен.

 

Фото: geometria.tv

Соңғы жаңалықтар