Бокстан Қазақстан спартакиадасы: Бапкерлер жастарға зор үміт артып отыр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Шаршы алаңда 49, 56, 64, 75 және 91 келі салмақтағы былғары қолғап шеберлері шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іріктеу кезеңіндегі жекпе-жектерде боксшылар бір-бірімен өте сақ ойнады. Ешқандай нокдаун болған жоқ. Сондай-ақ, жарақат алғандар да аз кездесті.

Жарыс барысында тәжірибелі боксшының бірі - түркістандық Жомарт Ержан 49 келі салмақта өзінің дайындығы жоғары екенін аңғартты. Жомарт Маңғыстау облысынан келген Дінмұхамед Ибрагимовтың осал тұсын таба білді. Ол енді жартылай финалда Алматы облысының боксшысы Жандоса Несіпжанмен шаршы алаңға шығады.

Спартакиада барысында еліміздің ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне іліккен Ақмола облысынан келген 21 жастағы Оразбек Асылқұлов 56 келі салмақта бас жүлдеден басты үміткерлер қатарында саналады. Жас боксшы спартакиада бағдарламасына сәйкес 6 мамырда Ілияс Сүлейменовпен жекпе-жекке шығады.

Ал жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ермахан Жакпеков алтыннан үміткер қатарындағы қарағандылық Ерсұлтан Советовпен кімнің мықты екенін анықтайды. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада чемпионы, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айбек Оралбай да әзірге бапкерлер үмітін ақтап отыр.

Бокстан еліміздің ұлттық құрамасының бапкері Мырзағали Айтжановтың айтуынша, спартакиада барысында Нұр-Сұлтан қаласы, Түркістан және Маңғыстау облыстарының боксшылары жақсы деңгейде ойын көрсетіп отыр. Аталмыш жарысқа еліміздегі бокс спортының үздіктері қатыспағанына қарамастан, әрбір жекпе-жек жанкүйер көңілінен толық шығып келеді.

«Бокс сайыстары жоғары деңгейде өткізілуде. Бәсекелестік өте күшті. Жарыста негізінен 1999, 2000 жылғы боксшылар саны басым. Мен 2000 жылы дүниеге келген боксшылар арасында болашағынан үміт күттіретін жастардың көп екенін аңғардым. Олардың қатарында Талғат Шәкен, Ермахан Жакпеков және өзге де спортшылар бар. Жартылай финал және финалда бұдан да өте тартысты жекпе-жектер көреміз деген ойдамыз», - деді Мырзағали Айтжанов.

Мамандардың айтуынша, спартакиада - командалық ойын. Онда барлық аймақтардың жұмыс деңгейі сараланады.

5 мамырда 52, 60, 69, 81 және 91 келі салмақтағы боксшылар ширек финал ойындарын өткізеді. Жарыс Нұр-Сұлтан уақытымен 16.00-де басталады. Финал 7 мамырда 12.00-де өтеді.

Боксшылар арасындағы спартакиада Qazsport телеарнасынан көрсетіледі. Жекпе-жектерді онлайн режімде Қазақстан бокс федерациясы сайтынан қадағалауға болады.

Бұған дейін Қызылордада бокстан ересектер арасында жазғы спартакиада басталғаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар