Бокстан Халықаралық турнир: Қыздар екі алтын медаль ұтып алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті кубогы үшін бокстан Халықаралық турнирдің қыздар арасындағы финалдық жекпе-жектері аяқталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін 51 келіде жапондық Намики Цукуми алтыннан алқа тақты. Жартылай финалда ол екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайды жеңіп кетті. 

Ал 57 келіде Сәния Сұлтанқызы Жапонияның тағы бір өкілі Хирута Мицукиден басым түсіп, алтын медальді иеленді.

Осы салмақта екі қазақстандық боксшы - Владислава Куxта мен Дәметкен Келімбет қоланы олжалады. 60 келіде Римма Волосенко жеңімпаз атанды. Ал Айжан Қожабекова күміс алды. 75 келіде Олимпиада жүлдегері Дариға Шәкімова швециялық Лав Холгерсонға жол беріп қойды. Осылайша, қыздар командасы ел қоржынына екі алтын медаль салып берді. Бірінші орын алған спортшыларға арнайы диплом мен 2 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, дәл қазір ерлер арасындағы финалдық жекпе-жектер басталды. Атап айтқанда, 49 келіде Жомарт Ержан - Теміртас Жүсіпов, 52 келіде Әнуар Мұзафаров - Ладон Роген Сиага (Филиппин), 56 келіде Қайрат Ералиев - Дюк Ламонд Раган (АҚШ), 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов - Икболжон Холдаров (Өзбекстан), 69 келі салмақта Абылайxан Жүсіпов - Асланбек Шыңбергенов, 75 келіде Әбілxан Аманқұл - Ерік Әлжанов, 81 келі салмақта Бек Нұрмағамбет - Бектемір Меликузиев (Өзбекстан), ал +91 келіде Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Максим Бабанинмен жұдырықтасады.

Соңғы жаңалықтар