Бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт сарайында бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-дан мәлім еткендей, биыл әр өңірден келген 216 былғары қолғап шебері 9 желтоқсанға дейін сынға түседі.

«Тарихқа үңілер болсақ, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы чемпионаты осы облыстағы Екібастұз қаласында 1993 жылы ұйымдастырылды. Ал 2016 жылы Кереку өңірі еліміздегі басты бәсекені 2-мәрте қабылдады. Арада көп уақыт өтпей шаршы алаң шеберлері мұнда қайта жиналды», - делінген хабарламада.

IBA ережесі бойынша 13 салмақтың (48, 51, 54, 57, 60, 63,5, 67, 71, 75,80, 86, 92, +92 кг) чемпионы мен жүлдегерлері белгілі болады. Чемпионатқа 2004 жылға дейін дүниеге келген спортшылар қатысады.

Жекпе-жектерде 20-ға жуық төреші қызмет етеді. Қазылар алқасының төрағасы, халықаралық дәрежедегі төреші – Қайрат Жаманқұлов.

Жанкүйерлерге кіру тегін.


Фото: kazsports.kz


Соңғы жаңалықтар