Бокстан Азия чемпионатында қоржынға алғашқы «алтын» түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Таиланд астанасы Бангкокте өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Тұрсынбай Құлахмет жеңімпаз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

75 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан отандасымыз финалда үндістандық Ашиш Кумармен бас жүлдені сарапқа салды.

Аса тартысты өткен жекпе-жекте Т.Құлахмет айқын басымдықпен жеңіске жетіп, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды.

Айта кетейік, жартылай финалда Тұрсынбай Құлахмет түрікменстандық Нұрсахат Паззыевты бар-жоғы 20 секундта ұтып, финалға шыққан болатын. Міне, бүгін де өз шеберлігін дәлелдей алды.

Бүгін 4 боксшымыз «алтын» үшін сынға түсетінін бұған дейін хабарлаған едік. Алғашқы болып өнер көрсеткен 60 келі салмақтағы Зәкір Сафиуллин монғолиялық Цендбаатар Эрденебатпен қолғап түйістірді. Аса тартысты өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан монғолиялық боксшыны жеңімпаз таныды. Осылайша, қазақстандық спортшы «күмісті» қанағат етті.

Алда 81 келі салмақтағы Бек Нұрмағанбеттің Филиппин боксшысы Джон Нобель Марвинмен, аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевтің өзбекстандық Баходир Жалоловпен жекпе-жегі бар.

Соңғы жаңалықтар