Бокстан Азия чемпионаты: Қазақстан қоржынына 15-медаль түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Иорданияның Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық Асланбек Шымбергенов жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың жетінші күні ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) үндістандық Сачинмен жұдырықтасты.

Үш раунд бойы әбжіл қимылдап, дәл соққыларын жұмсаған Асланбек төрешілер шешімімен жеңіске жетті – 4:1.

Осылайша, ол жартылай финалға өтіп, ел қоржынына 15-медальді салды.

А.Шымбергенов бастапқы жекпе-жегінде филиппиндік Маржон Пианьярды нокаутпен жеңген еді.

Бүгін сондай-ақ күндізгі сессияда Нұрқанат Райыс (75 кг) қырғызстандық Сағын Сатыбалды уулумен, Нұрбек Оралбай (80 кг) таиландтық Веерапон Джонгджомен, екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай (50 кг) моңғолиялық Мунгунсаран Балсанмен қолғап түйістіреді.

Сағат 21.00-ге белгіленген кешкі сессияда үшінші жұпта Сағындық Тоғайбай (86 кг) тәжікстандық Навруз Джафоевпен рингке шығады. Айбек Оралбай (92 кг) үндістандық Навин Кумармен, 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақта оңтүстіккореялық До Хьен Киммен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Махмуд Сабырхан мен Серік Теміржановтың жүлде алғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық боксшы жүлдеге ілікті.

Азия чемпионатында Санжар Тәшкенбай жүлдегерлер сапына қосылды.

Дулат Бекбауов жартылай финалға шықты.

Азия чемпионатында Алуа Балқыбекова жартылай финалға өтті.

Азия чемпионатында Римма Волосенко жүлдесіз қалды.



Фото: kfb.kz






Соңғы жаңалықтар