Бокстан Азия чемпионаты: Бүгін ерлерден 12 қазақстандық 1/2 финалға шығады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Иордания астанасы Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалында бүгін 12 қазақстандық спортшы өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күндізгі сессия Астана уақытымен сағат 16.00-де басталады.

Қазақстандықтардан алғашқы болып 48 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай шығады. Ол екінші жұпта Үндістан үздігі Говинд Кумар Саханимен бокстасады.

Іле-шала Махмуд Сабырхан (54 кг) өзбекстандық Шахзод Музафаровпен финалдың жолдамасы үшін айқасады.

Бесінші жұпта Саматәлі Төлтаев (60 кг) шаршы алаңның иесі Мохаммад Абу Джаджехпен жұдырықтасады.

Сондай-ақ Дулат Бекбауов (67 кг) тағы бір өзбекстандық Асадхуджа Муйдинхуджаевтан, Нұрқанат Райыс (75 кг) ирандық Сейедшахин Мусавидан, Сағындық Тоғамбай (86 кг) иорданиялық Одаи Рияд Адеальхиндавиден, Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақта тәжікстандық Мухаммад Аброридиновтан айласын асыруға тырысып көрмек.

Кешкі сессия сағат 21.00-де қос әлем чемпионы Сәкен Бибосынов пен жапониялық Томоя Цубоидың (51 кг) жекпе-жегімен басталады.

Серік Теміржанов (57 кг) үндістандық Хуссам Уддин Мохаммедпен, ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) моңғолиялық Бьямберден Отгонбаатармен қолғап түйістіреді.

Бұдан кейін ел құрамасындағы ағайындыларға кезек келеді. Нұрбек Оралбай (80 кг) иорданиялық Хуссейн Эйшаиш Иашайшпен, Айбек Оралбай (92 кг) ирандық Туфан Шарифимен шеберлік байқасады.


Соңғы жаңалықтар