Бокстан әйелдер арасындағы ӘЧ: Бас бапкер басты қарсыластарды атады

None
Фото: kfb.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үндістанда алауы тұтанатын бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты алдында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Шəміл Сафиуллин спортшыларымыздың басты қарсыластарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің басты қарсыластарымыз – Үндістан, Қытай, Ресей және Өзбекстанның боксшы қыздары. Әйелдер боксында біз бұрын естімеген көптеген ел бар. Қазір бұл спорт, әсіресе, Африка құрлығында қарқынды дамып келеді», - деп атап өтті Шəміл Сафиуллин.



Ол сондай-ақ, бұл өзінің бас бапкер ретінде екінші әлем чемпионаты екенін, оқу-жаттығу жиындарын сәтті өткізгенін, жүлделі орындарға таласа алатынын да айтты.


«Мен үшін бұл – екінші әлем чемпионаты. Жүлделі орындарға ие болуға барынша тырысамыз. Біздің спортшыларымыздың көбі әлем рейтингінде ондықта екенін атап өткім келеді. Атап айтар болсам, Алуа Балқыбекова өз салмағында көш бастап тұр. Ал Жайна Шекербекова мен Карина Ибрагимова – екінші орында», - деді ол.


Айта кетейік, әлемдік дода 15-26 наурыз аралығында Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өтеді.

Бүгін, яғни 15 наурызда турнирдің ашылу салтанаты, жеребе тарту рәсімі және салмақ өлшеу шарасы ұйымдастырылады. Ал ертең алғашқы іріктеу сайыстары басталады.


Аталған додада ел намысын қорғайтын боксшылар:

- Алуа Балқыбекова (48 келі),

- Назым Қызайбай (50 келі),

- Жазира Орақбаева (52 келі),

- Жайна Шекербекова (54 келі),

- Карина Ибрагимова (57 келі),

- Римма Волосенко (60 келі),

- Аида Әбікеева (63 келі),

- Надежда Рябец (66 келі),

- Мадина Нұршаева (70 келі),

- Валентина Хальзова (75 келі),

- Фариза Шолтай (81 келі),

- Ляззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары).






Соңғы жаңалықтар